29 тамызда облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ және Атырауда фармацевтикалық зауыт салу құрылысына қатысушылар болашақ өндіріс орнының алғашқы тасын қалады.
Атырауда дәрі-дәрмек өндіретін фармацевтикалық зауыт салуға Lumpan Caspian Pharmaceutical LLP (Үндістан) бастамашы болды. Болашақ зауыттың жобалық қуаты: жылына 800 млн таблетка, 300 млн капсул, 78 млн ампул және 3 млн май қаптамасын шығарады. Сонымен қатар, 12 млн флакон пластик ыдыстарға құйылған күре тамырға жіберу ерітінділері мен 24 млн флакон антибиотик өндіреді. Алғашқы кезектегі өндірісті қолданысқа енгізу 2015 жылдың 3 тоқсанына жоспарланған. Жобаның құны – 3,7 млрд теңге. Жоба қатысушылары: «Медицина» АҚ, ««Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұттық компаниясы» АҚ, «САВА ХЕЛСКЕЙР», «Лайфлайн Фзе» компаниясы, ALIM COM ЖШС. Атырау-Орал трассасының бесінші шақырымында орналасатын зауыттың бас жобалаушысы «АтырауСтройПроект» ЖШС болып табылады, қосалқы мердігер - Knexirconsultantsprivate Limited.
- Осы өндірісті жасау идеясын облыс әкімі ұсынды. Біз осы жобаға кіру мүмкіндігін қуана қабылдадық. Үндістанда фармацевтік өндірістің жақсы дамуына байланысты заманауи технологиялық үдеріс жобасын әзірлеумен үндістандықтар айналысады. Зауыт «жасыл» құрылыс нормалары бойынша салынады, яғни, экологиялық жүйеге көп әсер етпейтін технологиялар қолданылады, сондай-ақ, күніне 126 мың текше метр қалдық суды тазартуға мүмкіндік беретін құрылғы қондырылады. Бұл республикамызда халықаралық стандарттар бойынша жұмыс жасайтын бірінші зауыт болмақ, - дейді «Медицина» АҚ директоры Забира ДӘУЛЕТЖАНОВА.
Зауыттың болашақ өнімдерін басқалармен қатар «Медицина» АҚ-тың Ресейдегі бұрынғы серіктестері сатып алатын болады. Бұл туралы астрахандық «Медицина» ҚБ компаниясының өкілі Юрий КУЗЬМИН мәлімдеді.
- Біз АҚ-пен 15 жылдан бері бірлесе жұмыс жасап келеміз, оларға шығын материалдарын, дезинфекциялау құралдарын, медициналық бұйымдар жеткіземіз, кезінде Атырауға антибиотиктер де жібергенбіз. Енді Атыраудан өзіміз сатып алып, дәрілерді Астраханда өткізіп, серіктестерімізге тауар жібереміз, - деді Юрий Кузьмин.– Қазір кедендік одаққа байланысты бізде бірыңғай тіркеу жүйесі қалыптасты, енді ешқандай кедергі жоқ, тауар шекарадан өту үшін мөр соқтырсақ болды.
Lumpan Caspian Pharmaceutical LLP ЖШС директорының орынбасары Авинаш КУЛКАРНИДІҢ айтуынша, зауытқа шикізат Үндістаннан, Қытайдан және басқа да елдерден келетін болады. Құрылыстың алғашқы кезеңінде, содан кейін өндірісте үнді мамандары жұмыс жасайтын болады, алайда қазақстандық мамандарды оқыту жоспары да әзірленді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ