Атырау, 23 қараша 23:16
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Біздікілердің біліктілігі төрт есе төмен бе?

3 938 просмотра


Жақында «АЖ» Бас прокуратураның ұйғарымы бойынша еңбек инспекциясының Теңіз кенішіндегі компанияларды, онда да барлығын емес, 50-ден астам шетелдік жұмысшысы бар компанияларды тексеріп жатқанын хабарлаған еді. Тексеру барысында біздің жұмысшылардың да жақсы табыс табатындығы белгілі болды, бірақ әділеттілік қағидасы бәрібір сақталмаған. Тексерудің аралық нәтижелері туралы - Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВ әңгімелеп берді.

- Бас прокуратураның ұйғарымында 32 компания көрсетілген. Біз Теңіз кенішінде оларды тексеруге тиіспіз. Бүгінде олардың 17-сі тексерілді, барлығынан да бірдей лауазымды атқаратын шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың жалақыларында теңсіздік бар екені анықталды, - дейді Әубәкіров.

Оның айтуынша, 200-ден астам заң бұзушылық анықталған, оның жартысына жуығы - жалақыдағы айырмашылық бойынша.

- Мәселен, шетелдік КИПиА инженері тәулігіне 400 доллар (155 мың теңге) алады, ал сол лауазымдағы қазақстандық болса - шамамен 40 мың теңге алады. Басқа бір лауазымда шетел азаматы - 330 доллар (128 мың теңге), қазақстандық - 35 мың теңге алады. Айырмашылық 4 есе, кейде одан да көп болады.

Бұдан басқа, шетелдік жұмысшылардың дипломдары олардың лауазымдары мен атқаратын жұмыстарына сәйкес келмегені анықталған.

- Осы фактілердің барлығы бойынша мемлекеттік инспекция әкімшілік істер қозғап, айыппұлдар салады және тиісті ұйғарымдар шығарады. Қазіргі уақытта кейбір компаниялар біздің әрекеттерімізді сотта дауласуда - бұл олардың құқығы. Әрине, біз рұқсат беретін органға - облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына берілген рұқсаттарды қайтарып алу туралы хаттар жолдаймыз. Осылайша, ереже бұзған шетелдіктер елден кетуге мәжбүр болады, берілген рұқсаттар біздің актілеріміздің негізінде күшін жояды.

Әубәкіров тексерудің нақты аяқталу мерзімін әзірге атамады, өйткені жұмыс көлемі үлкен. Кейде сұралған құжаттар уақытында ұсынылмаған болады. Түрлі компанияларда жұмысшылар саны да әр түрлі - инспекторлар шетелдіктердің барлық құжаттарын қарап шығып, жалақыны, лауазымдық нұсқаулықтарды салыстырып, айырмашылықтарды анықтауы тиіс.

Бұл тексеруден басқа, қазір инспекторлардың қолында азаматтардың 89 шағымы бар.

- Жыл басынан бері 1160 шағым келіп түсті, тексерулер нәтижесінде 600 азаматтың құқығы қорғалды. Бұл жалақы мәселесі ғана емес, еңбек шартын жасасу, жұмыстан заңсыз шығару, заңсыз тәртіптік жауапкершілікке тарту, өндірістегі жазатайым оқиғаларды жеткіліксіз тергеу мәселелері, - деді облыстың бас еңбек инспекторы.

- Неліктен атқаратын лауазымдар бойынша жұмыс жасауға берілген рұқсаттар сәйкес келмейді, неліктен олар мұндай рұқсат құжаттар беруді жалғастыруда?

- Жұмысқа рұқсатты барлық өтініштерді қарастыратын үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасы жанындағы комиссия береді. Шетелдіктер белгілі бір құжаттар пакетін тапсырады және оларда құжаттар бойынша бәрі сәйкес келеді - білімі де, жұмыс тәжірибесі де.

Әубәкіров әзірге компаниялардың атауы мен қызметкерлердің аты-жөнін атамады, өйткені тексеру әлі жалғасуда. Ұйғарымдар шығарылып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған кезде, мысалы, айыппұлдар сомасы туралы толығырақ ақпарат алуға болады. Заңға сәйкес, шетелдік азаматқа рұқсатсыз жұмыс істесе 700 АЕК (1767 500 теңге) немесе жалақы теңсіздігі бойынша 100 АЕК (252 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

23 қыркүйек 2019, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.