Атырау, 24 қараша 02:03
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Теңіз жаңғырығы: еңбек инспекциясы не анықтады?

5 734 просмотра


Брифингте еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Игілік ӘУБӘКІРОВ (суретте) бүгінгі таңдағы өзекті сұрақтарға жауап беруге тырысты.

Биыл басқармаға 746 арыз түсті, оның 697-сі қаралып, тиісті шаралар алынды - 9 миллион теңгеден астам сомада айыппұл салынып, оның 80 пайызы өндірілді. 7 айда 16 жазатайым оқиға тіркелді - тергеу нәтижелері бойынша жұмыс берушінің кінәсі 80% дәлелденді.

- 2 өлім фактісі бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100% дәлелденді. Бір жағдай Теңізде болды, екіншісінде - бір компанияның медицина қызметкері жұмыс кезінде жол-көлік апатынан қайтыс болды, - деп хабарлады бас инспектор.


ТЕҢІЗДЕ БӘРІ ТЫНЫШ

Басқарманың ақпараты бойынша, осы жылдың 7 ақпанында БҚО-дағы «Ақсай» жобасында «ККС Сичим Қазақстан» қызметкерлері  наразылық акциясын өткізген. Олар жалақыларын көтеруді талап етіп, оны 16-50 пайызға көтеруге қол жеткізген. 8 маусымда «Саренс Қазақстан» компаниясының 100 қызметкері ТШО-ның үшінші буын зауытының аумағына жиналып, жалақыларын 30%-ға көтеру туралы талап қойды. Бұл мәселе компания басшылары деңгейінде талқыланып, өзара келісімге келді.

Ең әйгілі еңбек жанжалы - ТШО-ның ККЖ жобасындағы тәртіпсіздіктер болатын. Сол кезде қазақстандық жұмысшылар «ССЕР» компаниясының шетелдік жұмысшыларын жаппай ұрып-соққан еді.

- Осы оқиға бойынша облыс әкімінің орынбасары Серік Шапкеновтің басшылығымен арнайы комиссия жұмыс істеуде. Жұмыс көлемі өте үлкен, біз тек бір компанияны тексерумен шектелмей, бүкіл Теңіз кенішін қамтыдық.  Еңбек ұжымдарымен кездесеміз, тұратын жерлерін, жағдайларын тексереміз. Мониторинг нәтижесінде ұсыныстар береміз. Зауытта ССЕР қызметкерлері біртіндеп жұмысқа кірісіп жатыр, - деді Әубәкіров.


ЖАЛАҚЫ БОЙЫНША ҚАРЫЗДАР ТӨЛЕНУДЕ

Бүгінгі таңда «Water Energy Service» ЖШС 34 қызметкерге 7,7 миллион теңге жалақы қарыз. Басқарма тарапынан тиісті шаралар алынды, компанияға қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Сонымен қатар, Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 152-бабы («Жалақыны бірнеше рет кешіктіру») бойынша қылмыстық іс қозғады.

- Бұл компания қазір жұмыс істемейді, бірақ Салық департаментінде тіркеулі тұр. Компаниядан алажағы бар қызметкерлер қазір басқа компанияларда жұмыс істейді.

Шілдеде «Expres Global Stroy» ЖШС 16 жұмыскерге 4,2 миллион теңге төледі. Банкрот деп жарияланған «Bio Food Distribution» ЖШС оңалту рәсімінен өтіп, жұмысшыларға кестеге сәйкес қарыздарын төлеуде. Бұдан басқа, борышкерлер тізімінде «Медицина» АҚ, «Шеркеш Құрылыс» ЖШС, «ЭРА» ЖШС тұр.

- Біз бұл компанияларды тексеріп шықтық, қазіргі уақытта олардың барлығы берешектерін төледі. Жақында олардың бірі 8 миллион теңге көлеміндегі қарызын жауып тастады.


КОМПАНИЯЛАРДЫҢ БӘРІ БІРДЕЙ ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРЕ АЛМАЙДЫ

Жақында «Юлмар-Сервис» ЖШС-нің 100-ге жуық қызметкері автобуспен облыс орталығына келіп, «Нұр Отан» партиясына шағымданған еді.

- Теңіз кенішінде ірі жобалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алайда 100-ден астам адам жұмыс орындарын тастап, қалаға келді. Бұған ТШО-ның 17 адамды жұмыс жасауға жібермегендігі себеп болды, қалған жұмысшылар оларды қолдағысы келген. Кездесу барысында біз оларға мұндай мәселелердің заң аясында шешілуі тиіс екенін түсіндірдік. Олар арыз жазды, қазір тергеу жүріп жатыр. ТШО-ның не себепті оларды жұмысқа жібермегендігі анықталуда. Өз арыздарында жұмысшылар жалақыларына, тұрмыстық жағдайларына және қауіпсіздік шараларына риза еместігін көрсеткен. Біз осы мәселелерді тексереміз. Менің білуімше, Атырауға келген 100 адамның 80-ге жуығы қазіргі уақытта өз еріктерімен жұмыстан шығып кеткен. Барлық өтемақылар төленіп, есеп айырысқан. Олар жалақыларын 30 пайызға көтергенін қалады.

- Олар сонда қанша алған?

- Ең азы – 110-120 мың теңге. Білесіз бе, әр компанияның өзіне тән экономикалық жағдайы болады. Бас тапсырыс беруші ТШО тарапынан жалақыны көтеру туралы ұсыныстар айтылды, бірақ заңды тұлға ретінде әр компанияның өз ережелері бар. Біз олардан жалақыны көтеруді талап ете алмаймыз, бірақ олардың жалақыны бұрын қаншаға көтергенін сұрастыра аламыз. Мәселен, өткен жылы «Юлмар-сервис» оны 11 пайызға көтерген. Бұл мәселе биыл да қарастырылады.

- Ал рұқсат берілмеген 17 қызметкер туралы не айтасыз?

- Олар жұмыстан шығарылмады, әзірге осы компанияның қызметкерлерінің қатарында. Бірақ жұмысқа әлі жіберілмеді. Тексеру жұмыстары аяқталған жоқ. Мен олар тұратын жатақханаға бардым - шынымен де күйі нашар бөлмелер бар екен. Сондықтан тексеру барлық нүктелерде жүріп жатыр.

Компания басшыларымен кездесулер барысында оларға қызметкерлермен кері байланыс орнату қажет екендігін айтамыз. Көбінесе басшылар жұмысшылармен кездеспейді, оларға компанияның саясатын түсіндірмейді. Бүкіл жанжалдар мен түсініспеушіліктер жұмыс беруші мен қызметкер арасында кері байланыстың болмауынан туындап жатады.


ЭКСПАТТАРДЫ ЖҰМЫСҚА АЛУ КЕЗІНДЕГІ ҚУЛЫҚТАР

- Бір лауазымға жұмысқа орналасуға рұқсат алған шетелдік қызметкер басқа лауазымдарда да жұмыс істеуге құқылы ма?- деген журналистердің сұрақтарына жауап берген Әубәкіров бүгінде Бас прокуратура мен Еңбек министрлігінің ұсынысы бойынша инспекцияның шетелдік жұмыс күшін тартатын компанияларға тексеру жүргізіп жатқанын айтты.

- 33 компанияға тексеру жүргізіліп жатыр, ірі 7 компаниядан шетелдік жұмысшыларды тарту кезінде заң бұзу фактілерін анықтадық. Мысалы, II санатты қызметкерді жалдайды, ал ол III санатта  және тағы басқа позицияларда жұмыс істейді. Әрине, бұл заңсыздық, сондықтан берілген рұқсаттардың күші жойылуы тиіс. Тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларды Қазақстаннан шығару үшін құқық қорғау органдарына рұқсаттың күшін жою туралы ұйғарым жолдаймыз, - деді еңбек инспекторы.

Әубәкіровтің айтуынша, өткен жылы басшылық лауазымдарда жұмыс істеген төрт шетелдік азаматқа берілген рұқсаттың күші жойылған. Олардың лауазымы берілген рұқсатпен сәйкес келмепті.

Бас прокуратураның ұйғарымы бойынша тексеру шілде айында басталған, бұл тексерулер жалақының теңсіздігі мәселелеріне де қатысты болады.

- Тексеру барысында лауазымдары бірдей, лауазымдық нұсқаулықтары мен функциялары бірдей қазақстандық пен шетелдіктің әр түрлі жалақы алатындығын анықтадық. Бұдан басқа, жалақыны шетелдік азаматтың шетел валютасында, ал қазақстандықтың ұлттық валютада алатын фактілері бар, - деп атап өтті Әубәкіров.

- Ал жалақыдағы айырмашылық қандай, шамамен пайыздық арасалмағын атасаңыз.

- Кейде айырмашылық 30%, кей жағдайларда 50%-дан асады.

Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі қазір өңірде жұмысшылардың құқықтарының бұзылуына қатысты дер кезінде әрекет ету үшін іске қосылған мемлекеттік еңбек инспекциясының қауырт желісі жұмыс істеп жатқандығын хабарлады. Тұрғындар өздерін қызықтыратын сұрақтар бойынша 1302 қысқа нөмірі бойынша кеңес алып, сондай-ақ Whatsapp-қа 8771 9927263 нөміріне жаза алады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

21 тамыз 2019, 12:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.