Атырау, 24 қараша 05:51
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жағажайға келер жылы қаржы салынады

2 999 просмотра

 

Өткен аптада Атырауда брифинг өтіп, онда Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асқат ЕРЖАНОВ 2019 жылғы шомылу маусымының қорытындылары туралы баяндады. Алайда «AЖ» сауалдарынан кейін анағұрлым маңызды тақырыптар қозғалды. Енді жергілікті билік жағажайлармен басқаша жұмыс істейтін сияқты.

Ержановтың айтуынша, соңғы кездері шомылатын жерлерді анықтау жұмыстары Атырауда ғана емес, аудан орталықтарында да (өзені мен басқа су айдыны жоқ Мақаттан басқасы) жүргізілген. Ал ол жерлерде ешбір жұмыстар қолға алынбаған екен. Жағажайды абаттандыру едәуір жұмысты қажет етеді, алдымен лайықты жерді тауып, жергілікті мәслихат арқылы шешім қабылдау керек. Ержанов қазір атқарушы органдардың төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып, осы іске шындап кіріскенін мәлімдеді. Енді келесі шомылу маусымына қарай аудандарда шомылатын арнайы орындар пайда болмақ. 

«АЖ» сауалы:

- Қазір аудандар туралы әңгіме қозғалды. Атыраудың өзінде соңғы жылдары енді-енді ресми түрде ашылмақ болған оншақты жағажай туралы көп айтылды. Алайда іс жүзінде ДСК мен Жилгородоктағы екі жағажай ғана азды-көпті жұмыс істейді. Жағажайларды кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беру күткен нәтижені бермейтінін көп жылғы тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл жүкті биліктің өз мойнына алатын кезі келген жоқ па? Мұнайлы астананың ақшасы бар ғой.

- Бұл мәселені талқылап жатырмыз. Шынымен де, алдыңғы тәжірибелер сәтті болды деп айта алмаймыз.  Қазір аудандарда да, Атырауда да шомылуға арналған орындарды абаттандыруға жергілікті биліктің қатысуы туралы мәселе шешіліп жатыр. Басқа қалалардың тәжірибесі де бар. Мәселен, Көкшетауда, Петропавлда, көрші Орал қаласында билік бір рет бюджет бөліп, барлық қажеттіні: жағажатақтарды, қалқыма белгілерді, құтқару қайықтарын алды. Ал әрі қарай кәсіпкер өзіне пайда әкелетін түрлі аттракциондар орната алады, ақша болса, суға қатысты көп нәрсе ойлап табуға болады ғой. Ал қызмет көрсетушіні персоналдық еңбек биржасы арқылы жалдауға болады.

- ДСК жанындағы негізгі жағажайдың халі нешік?

- Менің білуімше, тендерді ұтып алған ақтөбелік кәсіпкер келісімшартты бұзды. Бұған дейін ол бізге жүгініп, не істеу керектігін сұраған еді. Содан кейін көріп-білген соң.... Бір жағынан, оны да түсінуге болады. Өйткені тендер үш мәрте өтпей қалып, жағажай иесі тек шілденің ортасында ғана анықталды. Тиісінше, оған шомылу маусымына қаржы салу ғана қалды, ал пайданы, өкінішке орай, көрмейді, - деді Ержанов.

Бұл жаңалыққа таңғалдым, өйткені бір айға жетпейтін уақыт бұрын «Еуразия» кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ЖШС басшысымен – сол ақтөбелік кәсіпкермен тілдескен едім. Ол ешбір қиындыққа қарамастан атыраулық жобасынан бас тартпай, келесі жылға жоспар құрған болатын. Брифингтен кейін оған қоңырау шалдым. Ол келісімшарттың өз күшінде екенін айтты. Ал қалалық биліктен көмек болса, бас тартпайтыны сөзсіз. Бәлкім, «осылай жеңерміз»? Бұйыртса, келесі жылы көреміз.

Анастасия АЛЮШИНА

19 қыркүйек 2019, 17:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.