Биыл масамен күреске рекордтық сома – 127 миллион теңге бөлінсе де, соңғы аптада Атырау қаласы мен оған шектес елді мекендерде маса шектен тыс көбейді.
Редакциямызға шағымданған тұрғындардың айтуынша, кешке қарай далаға шығу қиындап, масаның шаққан жерлері ісіп кетіп жатыр екен. Сақау жәндіктің осы «шабуылының» себебін «AG Disinfection Services» ЖШС компаниясының қызметкері, биолог-энтомолог Айнагүл ДӘУЛЕТИЯРОВАДАН сұраған едік.
- Қазіргі таңда Атырау өңірінде масаның үш түрі: «Aрoles Caspins» - көшеде, «Culex pipiens» - Жайық сағасында, «Сulex moolestus» - жертөлелерде кездеседі. Бір ерекшелігі, биыл маса уға тез бейімделіп жатыр,- дейді А. Дәулетиярова. - Қаланы масадан тазарту үшін күніне төрт реттен улау жұмыстары жүреді. Бүгінде Атырау өңірін масадан улау үшін қала іші мен ауылдық жерлерде 43 дизенфектор мен 5 бригада қызмет атқаруда.
Биологтың айтуынша, биыл жаз айында масаның шектен тыс көбеюіне 16 шілдеде «Ақжайық» табиғи резерватындағы көпжылдық қамыс қопасы өртенуі кінәлі. Өрттің әсерінен теңіз желімен қалаға сансыз теңіз масасы келген. Сондай-ақ бір айда 6-8 рет жауын-шашын болып, көшелер мен жертөлелерде тұщы шалшық сулар жиналып, масаның ошағына айналған.
- Ай сайын қалада 40200 гектар жер масадан тазартылып тұрады. Мамыр айынан бері масаның уы төрт рет ауысты. Дизенфекциялық құрал Ресей елінен әкеліненді. «Медилис ципер» деп аталатын бұл дәрінің ішінде бірнеше қоспа бар,- дейді А. Дәулетиярова. - Егер шектен тыс дозаның мөлшерін көбейтер болсақ, қаладағы барлық жәндіктер жойылып кетеді. Сол себепті тек масаны жою үшін дозаның мөлшері 2-3 есе аз қосылады. Адам өміріне қауіпі жоқ. Сегіз күнде жұмыстарымыздың нәтижесін көресіздер.
Әсем ЖОЛДЫБАЕВА
Суретті түсірген автор