Атырау, 21 сәуір 05:22
Таңертең ашық+11, күндіз +14
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 379.19  € 426.63  P 5.92

Тамұқтан келген улы су

17 қазан 2012 18:45

ҚашағанМұнай игерілер қарсаңда Қашаған жобасына жіті назар аударылып отыр. Барша жанды мұнай өндіру басталатын мерзім алаңдатады, ал операторлар оны жүзеге асыру үшін 30 млрд доллардан астам қаржы салды. Алайда өндіру басталады деп жария етілген мерзімдердің тағы да кейінге қалу қаупі бар. Бұл жолы Қазақстанның экологиялық заңнамасының өрескел бұзылуы себеп болып отыр.

УЛЫ МҮЙІСТЕР

Бізге белгілі болғандай, Солтүстік-Каспий (Қашаған) жобасының құрлықтағы нысаны – таяу уақытта аралдардағы тазартылмаған көмірсутектердің қоспалары тауарлық күйге дейін өңделуі тиіс «Болашақ» зауытында 75 пайызы қабаттық сулардан тұратын ағын суларды тазарту, залалсыздандыру және кәдеге жарату қарастырылмаған. 

Қабаттық су мұнай өндіргенде бірге ілесіп шығады және улы заттарға қаныққан. Ал «Болашақ» зауыты (немесе мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысы – МжГКДҚ) орналасқан Қарабатанда сұйық технологиялық қалдықтар түріндегі оның барлық көлемін шағын мүйістерге – компанияның далалыққа салған буландыру алаңына құймақ.

Оның үстіне, NCOC-тың табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша өткізілген соңғы қоғамдық тыңдауларда Аджип ККО өкілі Игорь ЛУКАШЕВ буландыруды жеделдету үшін суды арнайы қондырғылармен ауаға шашатындығын айтқан болатын. Бұл жазғы маусымда бүкіл улы қосылыстар атмосфераға таралады деген сөз. Ал әрі қарай олар кристалданып, құрамында тұзы бар шламға айналғанда жел арқылы зиянды компоненттер жақын маңдағы аудандарға тарайды.

 

КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР

Ал 2008 жылы «Аджип ККО» компаниясы Қашаған кенішіндегі тәжірибелік‑өнеркәсіптік игеру (ТӨИ) нысандарын жайғастыру жобасы аясында сұйық технологиялық қалдықтарды орналастыру алаңын (әрі қарай СТҚОА) салуға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған болатын. Бірақ әу бастан бұл жобада қабаттық суды жерасты қабатына айдау қарастырылған.

Сонымен, 2007 жылдың 10 қарашасында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі берген мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы бойынша, Аджип ККО «Болашақ» МжГКДҚ пайдалану кезінде түзілген ағын суларды кәдеге жарату бағдарламасына сәйкес, 2009 жылдың II тоқсанынан кешіктірмей жерасты қабатына су айдау жүйесін енгізуді қарастырды.

Содан кейін бұл мерзім 2010 жылдың IV тоқсанына ауыстырылды.

Алайда, биылғы жылдың маусымында «Қазэкожобалау» ЖШС жерасты қабатына қабаттық суларды айдау мәселесі жасақталу кезеңінде екенін: сейсмикалық жұмыстар мен мәліметтер өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өткен болатын. Ең маңызды сәт: оң нәтижелер алынған жағдайда суды жерасты қабаттарына айдау жобасы 2-3 жылдан кейін жүзеге асырылатын болады. Ал Қашағандағы алғашқы мұнай игеруді келесі жылдың наурызында бастамақ.

 

АЛДАУСЫРАТЫП ЖІБЕРДІ

Қызықты жайт: 2011 жылы түзету жасау түрінде Аджип ККО СТҚОА-на қауіпті қалдықтарды жинаушы мәртебесін беріп, әрі қарай оны кейін жарасты қабатына айдау мүмкіндігі бар сұйық технологиялық қалдықтарды орналастыруға арналған нысан ретінде қарастыруға тырысты.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті бұл ұсыныстан бас тартты. Ал өзінің бас тартқан қорытындысында буландыру аймағына қабаттық суды жіберуге рұқсат етілмейтіндігін, егер судың құрамында күкіртсутек көп болса, ол өңделіп, саңылаусыз ыдыстарда сақталуы тиіс екендігін көрсеткен.

Әлі күнге дейін «Болашақта» мұның бірде-біреуі қарастырылмаған. Өткен жұма күні «Болашаққа» ұйымдастырылған баспасөз турының барысында жоба менеджері Лука МОРИ құрамында мұнайы бар суды кәдеге жарату тәсілі туралы қойған сұрағымызға жауап ретінде қондырғылардың бірін көрсеткен болатын. Мұнда ағын сулар тазартылып, кейін булану алаңына жіберілетін көрінеді. Бұл жерде әңгіменің қабаттық су туралы емес, зауыттың өзінің ағын сулары туралы болып отырғанын нақтылай кеткен жөн.

 

АЙНАЛЫМДЫҚ СУДЫ ЕСТЕН ШЫҒАРҒАН

Маңғыстау облысындағы шағын мүйістерҰсынылған жоба бойынша Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің комитеті айналымды сумен жабдықтау мәселесінің жоқтығына қатысты да салмақты талаптар қойды. Жоба бойынша, күн сайын «Болашаққа» жеткізілетін 16 849 шаршы метр судың 15 429 шаршы метрі күн сайын СТҚОА-ға беріледі. Жыл ішінде қайталама қолданусыз мүйіске толықтай құйылатын суды тұтыну мөлшері жылына 2,6 млн текше метрді құрайды. Дегенмен бұрын ұсынған жобада Аджип ККО алынатын судың 70 пайыздан астамын қайталап пайдалануды қарастырған еді.

Айтпақшы, заң бұл тұрғыда біркелкі талап қояды: ҚР Су кодексінің 103-бабының 2-тармағына сәйкес, өнеркәсіптік ұйымдар айналымдық сумен жабдықталуға мiндеттi. Оның үстіне «Болашақ» нысандарын сумен қамтитын бірден-бір су көзі 1987 жылы пайдалануға берілген Астрахан – Маңғышлақ магистральды су құбыры боп табылады. Су тапшылығы арта түскен жағдайда айналымдық сумен жабдықтау жүйесінсіз «Болашақты» жобалау оны толығымен осы магистральға кіріптар қылып қояды. Айтпақшы, бұл осы құбырды пайдаланатын Атырау облысындағы барлық мұнай-газ жобалары үшін өзекті.

Бұдан басқа, «Болашақтың» осы ағын суларының құрамында шекті рұқсат етілген нормадан асатын концентрацияда улы заттар бар. Атап айтқанда, өлшенген заттар – 17 есеге, минералдау бойынша – 13 есеге, метанол 815 есеге, күкіртсутек 1 366 және мұнай өнімдері 34 есеге асып кеткен.

Әрине, улы суды мүйістерге төгудің экологиялық және медициналық зиянды салдарын зерттеумен айналысуға тапсырыс беруші ниет те етпеген.

 

МИНИСТРЛІК ҚҰПТАМАДЫ

Біздің ақпаратымыз бойынша, биылғы жылдың қыркүйегінде Атырау облыстық экология департаментінің жанындағы мемлекеттік экологиялық сараптама қызметі аталмыш фактілердің негізінде 2012-2014 жылдары «Болашақ» МжГКДҚ-ның тазартылған ағын суларымен бірге СТҚОА жинақтау секциясына түсетін ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген шығарындылар нормативтерінің ұсынылған жобасын мақұлдаудан бас тартқан. 

Атырау облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВ (суретте) бұл фактіні растады.

- Осынау салмақты заң бұзушылықтар туралы біздің тек алып жоба іске қосылар алдында ғана біліп отырғанымыз қалай? Неліктен компания мұның салдарының қандай болатынын жақсы түйсініп отырса да, әлі күнге дейін тазарту құрылғысын салуға кіріспеген? Бүгінгі күні мұнай-газ өнеркәсібінде қабаттық және ағын суларды тиімді тазартуға мүмкіндік беретін экологиялық технологиялар мен құрылғылар бар және олар ойдағыдай қолданылып жүр емес пе?

- Өйткені мұны ешкім талап еткен жоқ. Ал мен бұл туралы білгеннен кейін Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұйрығы бойынша Экология департаментінің жанынан Сараптама кеңесін құруға бастамашы болдым. Осы Кеңес «Аджип ККО» компаниясының СТҚОА бойынша жобасын қарап, құптамаған қорытынды берген болатын.

- Енді мұнай өндіру басталғанға дейін Аджип ККО қандай шара алып үлгеруі тиіс?

- «Аджип ККО» компаниясы осы қысқа уақыт ішінде бұл саладағы барлық халықаралық талаптарға сай келетін модульдік және стационарлық тазарту құрылғыларын салуды жоспарлап отыр.

 

САУДАЛАСУ ОРЫНСЫЗ

Сонымен, «Болашақ» іске қосылған сәтте «қысқа мерзім ішінде» қабаттық суды алдын-ала тазарту жолға қойылатын болады, ал 2-3 жылдан кейін осынау қауіпті суларды жер қабатына айдай бастайды деген сөзге сене қояйық. Бәрі жақсы аяқтала ма? Тек аджиптіктер мен экология министрлігінің адамдар денсаулығына немқұрайлы қарайтындығы болмаса, солай болса керек. Қашаған жобасы осыншама жылдар бойына табиғат қорғау мекемесінің жіті назарында болған секілді еді, ал өрескел кемшілікті тек енді ғана түзету ұйғарылып отыр. Аджиптегілер де қабаттық суды булану алаңына төгудің қауіпті екенін біле тұра, тазартудан үнемдеп, бірнеше жыл бойына айла-шарғы жасауға тырысып келіпті.

Әлбетте, біздің шенеуніктер де, шетелдік инвесторлар да бір-бірін және ойын ережесін жақсы түсінген. Біз ертеңгі күні қандай нәрсенің анықталатынын білмейміз: бәлкім, аралдардан «Болашаққа» дейін жүргізілген мұнай құбыры тұрбаларының диаметрлері дұрыс емес шығар, жүктемені, аязды немесе қоспалардың агрессиясын көтермейтін болар. Ал Қуанов атап өткен «Болашақтағы» тазарту құрылғылары қабаттық суларды толықтай тазартуға қабілетсіз арзанқол нәрсе болып шыға келсе ше?

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суреттерді түсірген автор

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.
 

2957 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Басты бет

1 2 3 4 5