Қызылқоға ауданында жұмыссыздар саны жылдан жылға азайып келе жатыр деген ақпар берілуде. Ал жергілікті тұрғындар бұған кереғар пікірді айтады. Биресми ақпарат бойынша аудандағы тоғыз айдағы көрсеткішті саралаған билік жұмыссыздар санын бұдан да азайту жөнінде құзырлы мекемеге тапсырма беріпті-мыс.
- Біздің ауданда жұмыссыздар саны азайып келе жатыр, - дейдіаудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Самал ЖЕКСЕНҒАЛИЕВА.
Сөйтті де бөлім бастығы қарайған салыстырмалы сандарды алдымызға тартты. Біз сол ауданда іссапарда болғанда жергілікті халық ауданда екі қолға бір іс табу қиын екенін айтқан еді. Өндірісі жоқ ауданда тек малмен күнелтіп отырғандар жетіп артылады. Малы жоқтар да бар. Ал жұмыссыз санын азайту үшін «Жол картасы» бойынша іс қимыл жасалуда.
- «Жол картасы» бойынша жұмыссыздарды аудандағы түрлі жұмыстарға тартуда. Бірақ жекеменшік серіктестіктер жасаған жұмысымызға еңбекақыны төлеуде енжарлық танытып отыр. Ал біз тегін жұмыс жасағымыз келмейді. Жасаған еңбегіміз қашан да болса төленер, бірақ уақтылы алмағасын қиын ғой, - дейді қызылқоғалықтар.
Адамдардың еңбекақы ала алмай, дау-дамайларға дейін барып жүргенін бөлім бастығы Жексенғалиева жасырған жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА