
Көктем келісімен ақ көрпеге оранып жатқан қалың қар сөгіліп, демде көл-көсір айдынға айналды. Түні суық болғанымен күндіз ашық рай танытып тұрғаннан ба көктемнің жылы лебі еседі. Табиғаттың осы әсемдігін тамашалап келе жатып, «Атырау-Орал» тас жолының бойында орналасқан Индер ауданына қарасты Өрлік ауылына демде келіп қалдық. Сәті түскен сапарымыздың мақсаты біреу, ол-ғасыр жасаған Моншақ Мұқанқызы әжеймен 8 наурыз әйелдер мерекесі қарсаңында кездесіп тілдесу еді.
- Шеше, Сізді іздеп келеді,-деп құшақ жая қарсы алған қызы Мәдениет бізді төрге оздырып.-Үйге кісі келсе қуанады, кеше естігеннен бері дастарханды әзірлетіп, қазанға ас салдырған. Менің шеше дегеніме мән берме, бар бала ата-әжеміздің бауырында өсіп, өз анамызды есімімен атайтынбыз (күліп).

Диванда отырған ақ кемпір басын көтеріп, тіктеліп отырды. Тарамыс саусағында күмістен соғылған сақина, білезіктері жарқырап, ақ орамалы, камзолы өзіне көрік берген әжей мен ойлағаннан гөрі тың, әңгімешіл болып шықты. осы жасқа келсе де өткенді ұмытпаған, күніне дейін мүдірмейді, есте сақтау қабілеті зор.
«ҚОСҮРПЕКТЕ» ӨТКЕН БАЛАЛЫҚ ШАҚ
- Мен 1925 жылы 24 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысына қарасты Толыбай құмындағы Қосүрпек деген қыстауда дүниеге келіппін. Әкем Мұқан мен шешем Рақимадан бес бала өрбідік, екі ұл, үш қыз. Мен үлкені болғандықтан естияр санап, анама қолқабыс беретінмін. Менің балалық шағым құмда өткенімен ата-анам білім алуыма көп мән берген еді,-деп әңімесін бастаған әжей.
Ол Толыбай тасында 4 кластық білім, әйгілі Көкмешіт мектебінен де дәріс алған. Бірақ бастауыш кластан алған біліміне қанағаттанбаған ата-анасы одан әрі оқытқысы келеді. Осылайша білімін жетілдіру мақсатымен 14 жасынан бастап, Гурьев қаласындағы нағашысы Кенжеғалидың үйінде жатып, Жамбыл мектебінде оқи бастайды. Бұрын үйден шығып көрмеген жас қыз бастапқыда қаланы тосырқап, жатсынса да келе-келе бойы үйреніп, оқудың соңына түседі. Алаңсыз көңілін екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы бұзған еді.
Елдегі соқысқа жарамды еркек кіндіктілер жаппай әскерге алына бастайды. 16 жасқа толғанда Моншақ әжейдің әкесі Мұқан да шақырту алып, соғысқа аттанады. Бастапқыда Сталинград түбінде болғанын айтып, хат келіп тұрады. Бірақ сол хаттың бірі қаралы хабар ретінде жетіп, әкесінің опат болғаны айтылады.
Қанша қайғырып, қасырет тұтса да әкесінің «қызым оқы, білім ал» деген аманатын орындамақ болып, соғысқа қарамастан Гурьевтен зоотехника, ал Сороченкодан ветеринария мамандықтарын оқып меңгеріп шығады. Сол алған білімімен жас бойжеткен Қараойда еңбек жолын бастап, Кәрім Ділмағанбетов, Бисен Тышқанбаев, ұлты орыс санитар Сашкамен үзеңгілес еңбек етеді. 1947 жылдың 24 шілдесінде Сәлім Байдешовпен көңіл жарастырып, тұрмысқа шығады. Үйленгендеріне екі ай болмай жатып, Сәлім Советская Гавань, Харков жеріне әскери борышын өтеуге аттанады.
- Сәлім сол кеткеннен төрт жылдан екі айдан кейін кейін оралды. Мен көпбалалы үйге келін болып түскен едім. Төрт абысын бірге тұрдық, ата-енеміз бар, бала-шағаны қосқанда, барлығымыз 21 адам бір дастарханнан дәм таттық. Өте тату болдық, бөгде сөз жоқ, сенікі, менікі жоқ, білмегенімізді үйреніп, жұмыстан қашпайтынбыз. Енем қарапайым болса да ақылды, парасатты адам болды. Осы татулықтың арқасында іргеміз бөлектенбей бірге тұрдық. Абысындарымды өз қолымнан о дүниеге жөнелткенмін. Қанша дүние қат болса да, дастарханымыздан дәм үзілмеді. Мен үй шаруасында болсам, Сәлім есепші, пішеншілер бригадирі, кейін дүкенші болды. «Шегендіде» малшыларды азық-түлікпен қамтитын дүкенде меңгеруші, кейін «Көк ат» учаскесінде 33 жыл дүкенші болып тұрақты еңбек етті,-деп еске алады өткен күнді Моншақ әжей.
«Абысын тату болса, ас көп» дегендей, балалар да кімнен туғанын білмей өседі, өйткені барлық әйел тату, бір-бірін бөлектемейтін. Іргесі ажырамаған отбасы 1991 жылы Индер ауданы Өрлік ауылына көшіп келіп, тұрақтап қалады. Қонақ күтуден қолы босамайтын Моншақ ауданға қай кісі келсе де қабақ шытпай қарсы алатын.
«Бұл үйге кім келмеді, министрге дейін, жоқ іздеген жолаушылар да келген. Тарылып көрген емеспін, қонақсый азығымды бөлек сақтайтынмын. Бәрін разы етіп шығарып салатынмын. Жайықтан су тасып, қолдан от жағып, қазан көтеру дым емес-тін. Қазір бар жағдай жасалса да үлгере алмай жатқан әйелдерге қарап таң қаламын» дейді әжей. Үнсіз ғана мойындайсың, барлық жұмыс қолмен, күшпен атқарылатын. Моншақ әжей өзінің көп жас жасауын осындай еңбекқорлық, татулықтың арқасында екенін айтады. Әңгіме арасында қызы Мәдениет сөзге араласып еске салып отырды.

- Шешем өткенін ұмытпаған, үйде басқұр бар. Осыны мұражайға тапсыр дейді, бұл басқұрды 1951 шешеме анасы Рақила берген екен. Әжем ісмер, он саусағы бірдей жүретін шебер кісі болды. Жүн сабап, тігін тігіп, ұршық иіріп, текеметті түрлі бояуға бояп, өрмек құрып, алаша тоқитын. Бірақ ол шеберлігі анама дарымаса да еңбекқорлығы тартқан,-дейді ол.
Сәлім екеуінен екі ұл, алты қыз дүниеге келеді. Отағасы 2005 жылы қайтыс болады. Моншақ әжейді 30 жастағы ұлы Сәрсеннің жастай дүниеден өтуі шаршатып кетеді. Бүгінде Өрлік ауылында тұратын ұлы Жәнібектің қолында, немересі Айдар жиі келіп, әжесінің жағдайын жасайды. Ауырса жанынан табылып қамқор болып отыр. Ғасыр жасаған Моншақ әжей әлі тың, бала, немерелерінің арқасында бақуатты. Әжейдің батасын алып, үйден марқайып шықтық, әлі де жасай берңіз Моншақ әжей.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -10