4 сәуірде Атырау қаласындағы №4 мектепте қалалық әкімдік өкілдері туберкулезге қарсы күрес ауруханасы жанындағы Сарыөзек ықшамауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Мұның алдында осы ықшамаудан тұрғындарының бір тобы қала әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫНА осы жерде салына бастаған «Сот сараптамасы орталығы» институтының филиалы ғимаратының құрылысын басқа жерге көшіру талабымен жүгінген еді.
Кездесуге Атырау қалалық әкімінің орынбасарлары Шәкір КЕЙКИН мен Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ, «Сот сараптамасы орталығы» филиалы директорының орынбасары Нұрлан ҚАПИН және Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік АМАНОВ қатысты.
Жергілікті тұрғын Бақыт ҚАЛМАНОВА сөз алды:
- Бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында су, газ және электрмен қамту желілері бар біздің ықшамауданнан мүрдехана құрылысын бастағандарыңызды түсінемін. Бірақ үйімнің алдынан бұл нысанның салынғанын қаламаймын. Тұрғындарға балабақша мен мектеп қажет, мүрдехана қажет емес. Мені райымнан қайтара алмайсыздар. Біз қалалық мәслихат депутаты Салтанат РАХИМОВАҒА жүгіндік, ол шындық біздің жағымызда екенін айтты.
Көршісінің сөзін Балзиба СӘРСЕНОВА да қолдады:
- Түсінбеймін, мүрдехананы неге басқа жерге салуға болмайды? Бұл жерге балаларымыз мінетін мектеп автобусы тоқтайды ғой. Енді ол жерде мүрденің иісі жайлап кететін болды...
- Мүрденің иісі болмайды! Сот сараптамасы орталығының филиалы орналасқан Авангардта үйлер ғимаратқа жақын жерде орналасқан, ешкім шағымданып жатқан жоқ, - деп мәлімдеді Н.Қапин.
«Мүрдехана» емес, «зертхана» деңіздер, - деді Кейкин, содан соң:
- Сәуірде Сарыөзек үшін Әбілқайыр даңғылының бойындағы магистралдан бастап ұзындығы 18 шақырым болатын су құбырының құрылысы басталады. Жоба биылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ықшамауданда автобус аялдамасы, ойын алаңдары, жаяужолдар салынады. Бірақ бұл тек жеке құрылыс бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үй массивіне ғана қатысты. Саяжай орнына үйлер салынған жерде ештеңе болмайды. Өйткені заңнамада бау-бақша серіктестігі болған жерге инженерлік желілер жүргізу қарастырылмаған.
- Мен мүрдехана салынатынын білмедім, маған кеше құрылыс алаңындағы жұмысшылар айтты, - деп орнынан тұрды алдыңғы қатардағы ер адам. – Сарыөзектен батысқа қарай Квадрат булану алаңы орналасқан. Мал өлімтіктерін өртейтін крематорий салынады, әлсін әлі қоқыс орны өртенеді, оған қоса туберкулезге қарсы күрес диспансерінің қызметкерлері пайдаланылған дәке мен мақталарды өртейді. Ендігі жетпегені мүрдехана еді!
№4 мектеп директоры Әділжан ЖҰМАЖАН Сарыөзектің өз мектебі тезірек салынса деген пікірін айтты. Оның айтуынша, Гагарин атындағы мектепте қазір Сарыөзектен 355 бала оқиды. Сөз алған тұрғындардың барлығы ықшамауданға жолдар, дұрыс электр жүйелері мен балабақша керек екенін жеткізді.
Зертхана құрылысы тоқтатыла ма деген басты сұраққа - Аманов құрылысты тоқтата алмайтындарын айтты. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттаманы кері рәсімдеу керек. Ал бұған жылдар кетеді.
Неліктен бірден жергілікті тұрғындардың пікірін сұрамаған? Бұл сұраққа Кейкин осы нысанды жұртшылық тыңдауын өткізу үшін оншалықты маңызды емес деп есептейтіндігін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша, Сарыөзектегі зертхана құрылысы жалғаса береді. Аманов мердігер фирманың басшысын жұмысқа жергілікті тұрғындарды белсенді тартуға шақырды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Анастасия АЛЮШИНА