Атырау, 25 қараша 02:35
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Екпеден бас тартқандарға айыппұл салына ма?

2 564 просмотра


1 сәуірден бастап Атырау облысының емханаларында қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы құрамдастырылған вакциналарды қолдану арқылы екпе салудың ауқымды науқаны басталды. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде хабарлады.

- Туғандарына тоғыз ай болған балаларға, 30 жасқа дейінгі белгісіз екпе алған тұлғалар, сондай-ақ, бұрын екпе алмаған және қызылшамен ауырмаған, 5 не одан да көп жылдар бұрын жұқпалы аурулар ошағында тек қызылшаға қарсы екпе алғандар және оған қоса медицина қызметкерлеріне екпе салынады. Өйткені олар потенциалды сырқаттармен жиі байланыста болғандықтан екпе алуға міндеттеліп отыр. Жоғарыда аталған топтарға екпе бекітілген емханаларда тегін жүргізіледі, - дейді қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ. – Екпе салу қызылшамен күрестегі ең тиімді шара. Эпидемиологиялық ахуалдың қолайсыздығына байланысты барлық ата-аналардан өз балаларын қызылшаға қарсы ектіруін сұраймыз.

Департамент ұсынған мәліметтер бойынша, Атырау облысында биылғы жылдың басынан бастап қызылшамен 668 адам сырқаттанған, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар - 77%, 1 жасқа дейінгі - 48%. Ал, олардың 92%  екпе алмағандар.

- 1 сәуірде облысқа вакцинаның 12 мың дозасы әкелінді,  - дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілі Аманжол САҒЫНҒАЛИЕВ. – Осы айдың  онына дейін тағы да 16 мың доза әкелінбек. Бұл әзірге жеткілікті, жетпеген жағдайда қосымша тағы да алатын боламыз.

- Қазір адамдар вакцина алуға бұрынғыға қарағанда белсенді түрде келіп жатады, - дейді №5 емхана жанындағы отбасылық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Заида ЕЛЕШОВА. – Төрт күннің ішінде біз 25 балаға және 38 медицина қызметкерлеріне екпе салдық. Вакцина алғандардың арасында жағымсыз әсер беріп,  асқынғандары болған жоқ.

- Кейбір педиатрлар қызылшаға қарсы екпені 1 жасқа толғаннан кейін алу керек деп есептейді...

- Жоқ,  бұл дұрыс емес.

2 сәуірде Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ журналистерге вакцинадан бас тартқандар үшін ақшалай айыппұл салу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді: - Біз бірқатар шаралар кешенін ұсынып отырмыз, оның ішінде адамдар дер кезінде есепке тұрмаған болса, тексерілуге келмегені үшін, вакцинадан бас тартқан жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл ұсыныс әзірге талқылануда. 

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

5 сәуір 2019, 16:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.