Исатай мен Махамбет атындағы алаң бір жыл бұрын қайта жаңғырту үшін жабылды. Біраз уақыт өтті, алайда ұзаққа созылған құрылыс қала тұрғындарына тек қолайсыздықтар туғызып отыр.
Тайманов даңғылы бойындағы шамамен 400 метрге созылған ұзын жаяу жүргіншілер жолының ені бір метрден сәл артық жері ғана ашық. Жылға созылған қойылымды сырт көзден жасыру үшін айналдыра металлпрофильмен қоршалған шымылдықтың осы жерін сіз бен біздің қажеттілігіміз үшін қалдыруды шешіпті. Расында, жаңбырлы күндері ол жермен жүріп өту мүмкін емес, сондықтан көлік жүретін жолдың жиегімен жүруге тура келеді. Мәселен, Ж.Нәжімеденов атындағы №2 мектептен үйіне қарай балалар осылай жүреді.
Жақында өткен брифингтердің бірінде мен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВТАН алаңды қайта жаңғырту жұмыстары неге жүргізілмей қалғанын сұрадым.
- Өткен жылы біз жұмыстың бір бөлігін орындадық, содан кейін құрылыс ауа райы жағдайына байланысты тоқтатылды. Наурыз айында қайта жалғасады. Жаяу жүргіншілер жолына келетін болсақ, ол ол жерде жоқ деп айтпас едім. Біз арнайы Сәтпаев және Тайманов даңғылдарындағы жолдан бірнеше метр жерді ашық тастауды мердігер компаниядан талап еткеніміз рас. Олар соны орындады, - деп жауап берді Таубаев.
Мен құрылыс алаңы өз терезелерінен анық көрінетін сол маңдағы үйлерде тұратын таныстарыма жолықтым:
- Бұл жерде әрі кетсе күніне екі сағат жұмыс жасайтын алты гастарбайтер бар. Осындай қарқынмен бұл алаң бес жылдан кейін ашылады. Арбамен баланы серуенге алып шығу өте қиын. Бір жағынан сауда кешеніне қатынайтын көліктер легі болса, екінші жағында алаң қоршалып тұр, жаяу жүргіншілер жолы да жоқ, көліктер де әрлі-берлі өтіп жатады.
Естеріңізге сала кетейік, алаңды қайта жаңғырту жұмыстарының құны шамамен 3 миллиард теңгеге дейін жетеді. Бұл қаражат жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жұмсалады. Жаңғырту жұмыстары екі батырға арналған ескерткішке де жасалады, сондай-ақ алаңда 5 шағын және 1 үлкен түрлі түсті әсері бар әуенді су бұрқағы мен мәрмәр домбыра түріндегі үлкен сәулет композициясы орнатылады. Барлық жұмыстардың аяқталу мерзімі биылғы жылдың қараша айына белгіленген.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор