Оппозициялық "Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимошенко Украинада 31 наурызда өткен президент сайлауының бірінші турының нәтижесін сотқа беруден бас тартты. Бұл туралы ол 2 сәуірде хабарлады деп жазады Азаттықтың украин қызметі.
Ол ел президенті Петр Порошенконы "нәтижені бұрмалады" деп айыптап, екінші турған өткен екі кандидаттың ешбірін қолдамайтынын айтты.
Берілген дауыстың 99,8 пайызын санаған Украина орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Тимошенко 13,39 пайызбен үшінші орын алған. Алда келе жатқан екі кандидат - шоумен Владимир Зеленский мен президент Петр Порошенко.
Бұрындары екі рет Украинаның премьер-министрі болған Юлия Тимошенко сайлау өтерден бірер ай бұрын сайлауалды тартыстың лидері саналған.
Сайлауға жалпы саны 39 кандидат қатысты.
Кандидаттың ешбірі бірінші турда 50 пайыздан көп дауыс жинай алмағандықтан, 21 сәуірге жоспарланған екінші тур өтеді. Сайлауды ақырғы нәтижесі 1 мамырға дейін белгілі болады. Украина президенті бес жылға сайланады.
Дереккөз: Азаттық радиосы