Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика сейсенбіде, 2 сәуір күні елде бірнеше айға жалғасқан ереуілден соң отставкаға кетті. Бұл туралы елдің мемлекеттік агенттігі хабарлады. Президент отставкасы туралы хабар Алжир армиясы бас штабының басшысы Ахмед Гаед Салах ел президентін биліктен дереу кетіруге шақырғаннан соң пайда болды.
Әскерилер "президент Бутефлика биліктегі төртінші мерзімі аяқталғанға дейін, 28 сәуірге дейін қызметінен кетеді" деген мәлімдемеге наразы болған.
Алжир конституциясына сәйкес, Бутефлика қызметінен кеткеннен кейін парламенттің жоғарғы палатасының спикері Әбделкадер Бенсалах мемлекетті уақытша басқарады. Заң бойынша, 90 күннің ішінде елде кезектен тыс президент сайлауы ұйымдастырылуы тиіс.
Биыл ақпанда 82 жастағы Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика сәуірде өтетін сайлауға қатысатынын жариялаған. Осыдан кейін елде жастар жаппай наразылыққа шығып, Бутефликаның биліктен кетуін талап етіп жатыр. 2 наурызда мыңдаған адамның наразылығын полиция күшпен басуға тырысқан. Полициямен қақтығыста 180-ге жуық адам зардап шеккен.
Бутефлика наурыз айында президент сайлауына бесінші мәрте түсу жоспарынан айнып, сайлауды сәуірден жыл соңына ауыстырған болатын.
1991 жылы Алжирде исламистік топтар мен билік арасында азаматтық соғыс басталды. Бутефлика билікке елдегі азаматтық соғыс кезінде, 1999 жылы, келді. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты. Қазір наразылыққа шыққандардың арасында "президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы келмейді" дейтіндер де бар.
Дереккөз: Азаттық радиосы