НАТО ұйымының 70 жылдығына орай мүше елдердің сыртқы істер министрлері 3-4 сәуір күндері Уашингтонда бас қоспақ.
Жиналыс кезінде Ресей тақырыбы, Ауғанстандағы қайшылықты жөнге салу мәселелері ортаға салынбақ. Ертең НАТО-ға мүше елдердің СІМ басшылары АҚШ Конгресі жағынан ұйымдастырылған арнайы жиынға қатысады. Онда ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг баяндама жасамақ. Сондай-ақ, кеште қатысушылар бұдан жетпіс жыл бұрын Солтүстік Атлантика келісімі қол қойылған Меллон сарайында бас қосады. НАТО-ның бұл реткі жиналысында Ресейдің орта қашықтыққа атылатын зымырандар туралы келісімге қайшы әрекеттері ең негізгі тақырып болмақ. Ұйымның бас хатшысы Столтенбрег бұл жөнінде Ресейді айыптап пікір білдірген. Ол сөзінде: «Ресей біздің ескертуімізді тыңдамай отыр. Біздің уақытымыз тығыз, сондықтан да НАТО-ның ең басты қадамдарын талқылайтын боламыз», – деген. Ол және Грузия мен Украинаға қарата қолдауды күшейтетінін де ашық айтты. Бұл алдағы уақытта НАТО мен Ресей арасындағы қайшылықтың тіпті де күшейе түсетінін көрсетеді.
Дерекккөз: qazaqtimes.com