Атырау, 25 қараша 02:57
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Мұнайшы" алаңы «Зенит-Аренадағыдай" болады

Сурет
3 026 просмотра


«Мұнайшы» стадионында футбол алаңын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 

- «Атырау» футбол клубының басшылығы екі ай бұрын бізге футбол алаңындағы төсемені ауыстыру үшін демеушілік көрсету туралы өтініш жасады. Бұл өтінішті құп алып, қаражат бөліп, алаңның негізін қалай бастадық. Көгалды ауыстыру жұмыстарын компанияның өзі атқарып отыр. Алматы қаласында атқарған осындай жұмыстардан тәжірибеміз бар – КазГУ-град пен «Алматы-Арена» алаңдарын біз жасадық, – дейді «GazStroyMontazh КZ» ЖШС-нің бас директоры Бақыт МҰХТАР.

Алаңға «Тайшан» қытай компаниясы өндірген, УЕФА-ның барлық стандарттарына сай келетін жасанды газон төселеді.  Газон Атырауға 20-25 сәуір аралығында жеткізіледі. Оған дейін негізін салу жұмыстары аяқталады. «Тайшан» футбол алаңдары Израиль, Санкт-Петербург, Нұр-Сұлтан қалаларында бар. Егер жауын жауып, кедергі  болмаса, алаңды қалпына келтіру жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.


Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат ИБРАГИМОВ:

-«Мұнайшы» стадионы ойын алаңының сапасының нашарлығына байланысты Қазақстан футбол федерациясының сертификаттауынан өтпей қалғандықтан, қайта жаңғырту үшін жабылды. Сондықтан «Атырау» футбол клубы астананың стадиондарын жалға алып отыр. Әрине, жол, тұратын жері, тамақтану және жалдау ақысы бар – бәрі үлкен шығын. Футбол клубы біздің сенімгерлік басқаруымызда болғандықтан, оның инвестор тауып, алаңды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқанына  қолдау білдіреміз. Неге жасанды газон дейсіз бе? Ел чемпионаты дәстүр бойынша наурыз айында басталады, ал жасыл шөп футбол алаңында мамыр-маусым айында өседі. Оған қоса алаң да тегіс емес, кей жерлерде шұңқырлар пайда болған. Сондықтан федерация бұл алаңда ойын өткізуге тыйым салды. Енді «Мұнайшы» стадионын УЕФА стандарттарына сәйкес етіп жасақтаймыз.  Мұндағы алаң Петербургтың «Зенит» стадионындағыдай болады. Келесі маусым ойындарының барлығын «Атырау» командасы өз алаңында өткізеді.  Бұдан басқа «Мұнайшы» стадионының өзін қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталады. Мінбер, мінбердің астындағы алаң, киім ауыстыратын орындар мен жарықтандыру жүйелерін жаңғырту қажет.


Жақын арада «Судоремонтник» стадионына да күрделі жөндеу өткізу жоспарланып отыр. Бұл жерде де жасанды газон төселіп, қосымша мінберлер қойылады.

Біздер «Атырау» командасының жанкүйерлерінің пікірін білгенбіз. Олар, әрине, жаңғыртуға қарсы емес, бірақ баға беруге асықпайды: алдымен жұмыстар аяқталсын, сосын «Атырау» мен басқа командалардың ойыншылары бағасын берер.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суретті түсірген Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

2 сәуір 2019, 12:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.