
«Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында жаңа әлеуметтік стандарттар енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің алдымыздағы басты міндеттердің бірі - медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы және оның сапасын жақсарту. Бұл халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырады. Осы ретте саладағы негізгі мәселе - алғашқы көмек көрсететін дәрігерлердің жүктемесінің өте үлкен болуы және мамандардың жетіспеуі», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, қазір «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында жаңа әлеуметтік стандарттар енгізіліп, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау ұйымдарын құру ісі бойынша өңірлік стандарттар жүйесі әзірленіп жатыр. Осы міндетті іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі және әкімдіктер жұмыстарды бірлесіп ұйымдастыруы қажет.
«Жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын ашу арқылы дәрігерлердің жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, бұл нысандарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету қажет. Мысал ретінде Елжан Амантайұлы (Денсаулық сақтау министрі Біртанов-авт.) баяндамасында Қарағанды облысында Көктас ауылы және Жамбыл облысындағы бір ауылда тиімді іске асырылған жобаларды атап өтті. Енді оң тәжірибені басқа да облыстарда қолдану керек», - деді А.Мамин.
Дереккөз: inform.kz
В Атырау 0