Атырау, 25 қараша 02:46
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Полиция ештеңеден қорықпай ма?

Бейнежазба
3 544 просмотра


Әлеуметтік желілерде Атырау облысының Құлсары қаласында болған оқиғаның бейнежазбасы таралды. Видеода үй иелері Полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағы қызметкерлерін үйге кіргізбей тұр, төбеттің абалап үргені, кадр сыртында әйел адамның: «Заңсыздықты бүкіл Қазақстан Республикасы білсін!» деп жылап сөйлегені естіледі. Полиция департаментінің бастығы Аян ДҮЙСЕНБАЕВ Құлсарыда жергілікті тұрғындармен кездесу кезінде осы оқиға туралы түсінік берді. Жиында бұл бейнежазбадан басқа да әңгімелер қозғалды.

- Мұнда қызметкерлер қылмыстық іске күдіктінің үйін тінтуге келді. Ал үй иелері бұған кедергі келтірді. Бірақ полицияның заңды негіздегі тиісті санкциялары болды және олар заң аясында әрекет етті, - деді Дүйсембаев құлсарылықтармен кездесу кезінде. – Түсініңіздер, егер полиция заңды негізбен келсе, бағынған жөн. Адамдар қақпаларын жауып, иттерін босатып жібереді, бұлай жағдайды шиеленістіруге болмайды (Ал «АЖ» тілшісіне сапарға шығар алдында: «Егер бәрі заңды болса, екі ит емес, үш арыстан тұрса да кіреміз!» деген еді).


Ал Дүйсембаевтың Құлсарыға келуіне жақын арада атыс болған жастар төбелесі түрткі болды. Онда 27 жастағы жергілікті тұрғын көз жұмған еді.

- Соңғы жылдары Жылыой ауданында атыс қаруынан бірнеше жас жігіт көз жұмды. Құлсарыда әлі күнге дейін жастар арасында кісі өлімімен аяқталып жатқан аяусыз төбелестер тоқтамай тұр, бәріміз бірлесіп бұған нүкте қоюымыз керек, - дейді Дүйсембаев. – Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Құлсарыда енді түнде «Қайсар» мобильді тобы күзетеді. Жастар жанжалы орын алған 1, 3, 5-інші ықшамаудандар ерекше бақылауға алынды. 5, 7-інші ауылдар да бақылауда. Ішімдік ішу үшін жастар жиналатын үй шатырлары тексеріледі. Қалаға кіретін және шығатын жерлердегі бекеттерде тексеру жұмыстары күшейтілді.

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің деректері бойынша, тек мереке күндері Құлсарыда ішімдіктен масайған 41 адам ұсталып, түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда жүрген кәмелетке толмаған 25 жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды.

«АЖ»-ға белгілі болғандай, Жылыой ауданына барған сапарынан кейін Дүйсембаев аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасарын, оның тергеу жөніндегі орынбасарын, жергілікті  полицей қызметінің бастығы мен жол-патруль қызметінің взвод командирін орындарынан босатқан.

Фархат ӘБІЛОВ

Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба

28 наурыз 2019, 20:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.