Биыл Атырау қаласындағы басты 11 көшені - Маденов, С.Датов, Құрманғазы, Бейбарыс, Р.Ғабдиев, Азаттық, Амандосов, Ғұмаров, Әуезов, Уәлиханов және Гагарин көшелерін кеңейту жұмыстары басталады. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен болған брифингте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат НҰРТАЕВ мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірімізде облыстық және аудандық маңызы бар 2061,6 шақырым жол бар. Оның 948,4 шақырымы қанағаттанарлықсыз күйде. 2019 жылы осындай 60 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда.
«АЖ» сауалдары:
Атырау - Астрахань жолы қашан аяқталады?
«Атырау-Астрахан» жолының жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Былтырдан бастап 60 шақырымына республикалық бюджеттен қайта жаңартуға қаражат бөлініп, түріктік «Сине Мидас Строй «БК» ЖШС мекемесі дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ал, қалған 217 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстарын«Европа даму және қайта құру банкі» есебінен қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Банктің өкілдері Атырауға келіп, жобамен танысты. Құрылысты жылдың аяғына дейін бастау жоспарда бар. Жалпы жұмыстар 2021 жылы толықтай аяқталуы тиіс.
Сүйіндік, Балқұдық жолдарына қашан көңіл бөлінеді?
- Сүйіндікке дейінгі 282 шақырым жол облыстық маңызы бар жол болып есептеледі. Бұл жолдың бойында 11 сор орналасқан. Көктемде жаңбыр жауған уақытта көліктер сордан өте алмай, қатынас қиынға соғатынын білеміз. Осы учаскелерге жөндеу жасау жоспарымызда бар. Құм мен қиыршық тас жеткізушілермен келісіп те қойдық.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор