Атырау, 25 қараша 02:42
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атыраудағы көгершіндер көрмесі

Сурет Бейнежазба
5 194 просмотра

23 наурызда Атырауда алғаш рет халықаралық көгершіндер жәрмеңкесі өтті. Шараға Ақтөбе, Орал, Ақтау, Тараз, Қызылорда қалалары мен Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен жүздеген құсшы келіп, 500-ге тарта спорттық, көркемдік және ойын көгершінін көпшілік назарына ұсынды.

Ұйымдастырушылардың бірі, атыраулық құсшы Ерлан ТАБЫЛДИЕВТІҢ айтуынша, «Мұнайшы» спорт кешенінде өткен шараның негізгі мақсаты – бейбітшілік құстарының әдемілігі мен шыр көбелек айналатын ұшу кереметтерін көрсету ғана емес,  Атырауда құсшылардың бас қосатын федерациясын құру.

Ерлан ТАБЫЛДИЕВ

- Бүгінде Атырауда жүздеген көгершін асыраушы бар. Алайда олар тек əлеуметтік желілерде ғана бас қосып, тәжірибе алмасады. Іс жүзінде бірігетін уақыт жетті, - дейді Табылдиев.

Көрмеге Солтүстік Кавказдың ақбасты, біртүсті көгершіндері, Түрік таклы, Иран, Өзбек көгершіндері мен спорттық және бакин кептерлері қойылды.

Шараға жиналған кептер асыраушылардың ең жасы 9-да, үлкені 70-ке таяп қалған. Араларында көгершін асырауды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан әулеттер де бар екен. Соның бірі - «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі 8 мыңға жуық құсшының басын қосқан «Қазақстан құсшылары» тобының әкімшісі, 18 жастағы  атыраулық Арсен ТАСҚЫМБАЕВ.  Ол сайыста «Ең жас қатысушы» номинациясына ие болды.

- Көгершін өсірумен 13 жасымнан бері айналысып келемін. Түске дейін жұмыс жасаймын, түстен кейінгі уақытым көгершін бағуға кетеді. Қазір қолымда 30-дан астам көгершін бар. Бұл ермек маған әкемнен қалған, әкеме атамнан мирас болған, - дейді Арсен.


Шара барысында, көгершіндердің спорттық трюктер жарысы ұйымдастырылып, жеңімпаз құсшыларға 8 номинация бойынша дипломдар мен кубогтар, ардагер құсшыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор

25 наурыз 2019, 13:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.