Бір қала мен алты ауылдық округі бар Жылыой ауданында тек аудан орталығы мен Қосшағыл ауылында ғана мәдениет үйі бар екен. Ауыл тұрғындары үшін мәдени шаралар қайда өткізіледі, ауылдағы жалпы мәдени ахуалды «АЖ» тілшісі зерделеп көрді.
Аудандағы Майкөмген (1183 тұрғын бар), Ақкиізтоғай (1589), Қара-Арна (3239), Жем (3617) округтеріндегі мәдениет үйлері тәуелсіздік жылдары басында жекенің қолына көшіп, болмаса иесіз ескіріп, бұзылған. Халқы жағынан ең көп, яғни, 7408 тұрғыны бар Жаңа Қаратон ауылында да мәдениет ошағы жоқ. 60 мыңға жуық халық тұратын Құлсарыда 400 орындық бір мәдениет үйі ғана бар.
Аудандық мәдениет бөлімі мамандарының айтуынша, мәдениет үйі жоқ ауылдарда жоспарлы шаралар жергілікті әкімдік пен мектептердің акт залында өтеді. Арнайы мәдениет қызметкерлері жоқ болғандықтан мұндай шараларды, өз міндетіне жатпаса да, кітапханашылар ұйымдастырады екен.
- Біз кейде ауданнан ауылдарға барып, жоспарлы шараларды өткіземіз. Бірақ бұл жерлерге мәдениет ошақтары да, мәдениет қызметкерлері де қажет, - дейді Жылыой аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығының міндетін атқарушы Үміт КЕНЖИНА. – Ауылда мәдениет үйі тек анда-санда өтетін жиналыстар, кездесулер, салтанатты шара кезінде ғана керек деген пікірлер бар, мен мұнымен келіспеймін. Ауылда өнерпаздар бар, солардың басын біріктіріп, өнерін халыққа ұсына білсек, керемет емес пе?
Аудандағы мәдениет үйі бар жалғыз ауыл – бес мыңдай тұрғыны бар Қосшағылға бардық. Ауылдағы мәдени ахуал жөнінде жергілікті мәдениет үйінің директоры Қалдыгүл ЖҰМАНОВА былай дейді:
- Менің бұл жұмысқа келгеніме бір жылдан асты. Бүгінде мәдениет үйінде музыкалық аппаратуралар, қажетті ұлттық киімдер түгел жаңартылған. Ұжымда 18 адам еңбек етеді. Біз атаулы күндерде, мерекелерде концерт, спектакльдер қоямыз, түрлі кездесулер, салтанатты шаралар да өткіземіз. Ал басқа күндері әзірлік жасаймыз. Одан қалса, ересектер үшін шахмат, дойбы, ал мектеп оқушылары үшін домбыра, қобыз, гитара, би үйірмелері жұмыс жасайды. Бұл үйірмелерге орталықтағы «Өнер» мектебінен келген ұстаздар дәріс береді. Ауыл адамдарын қызықтыру үшін түрлі сайыстар, жарыстар, КВН-дер өтіп тұрады. Егер мәдениет үйі болмаса, олар қайда барар еді?
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор