Әлеуметтік желілердегі резонансты бейнежазбалардан кейін Атырау облыстық Полиция департаменті жол-патрульдік полициясы ротасының қызметкерлеріне азаматтармен сөйлесу кезінде өздерін дұрыс ұстау жөнінде сабақ өткізілді. Бұл сабаққа «АЖ» тілшісі де қатысқан еді. Әсіресе, медитация сеансы әсерлі өтті.
- Атырауға басқа қаладан келгендер немесе шетелдіктер тәртіп сақшысының сыртқы келбеті мен мінез-құлқына көңіл аударады, - деді әріптестеріне ПД кадрлармен жұмыс басқармасының бөлім бастығы Нұржан ШАЕДЕНОВ. – Қазір кез келген азамат телефон камерасына түсіріп алып, интернетке жариялай алады. Ал сіздерге қысылудың қажеті жоқ, өздеріңізді дұрыс ұстаңыздар, өз жұмыстарыңызды заң бойынша жасаңыздар. Айтпақшы, әлеуметтік желілер тек келеңсіздіктерді ғана жария етпейді. Жақында Шымкенттен келген азамат бізге интернет арқылы алғыс білдірді.
Мәселе былай болған. 15 наурызда Атырауға Шымкенттен келген Ясын ДАУБАЙ такси ішіне құжаттары, банк карталары мен қолма-қол ақшасы салынған сөмкесін ұмытып кетіпті. Ол «102» пультіне қоңырау шалып, тек машина маркасы (онда да дәл емес) мен өзі түсіп қалған жерді атаған. Дегенмен, такси дереу анықталып, полицияға шақыртылды. Сол жерде сөмке қожайынына қайтарылды.
- Сіздердің әрекеттеріңізді әлеуметтік желі қолданушылары алдында дұрыс емес етіп көрсету үшін жүргізушіге бір секунд жеткілікті. Сонда кімнің дауысы айқын шықса, соныкі дұрыс боп шығады. Сіздер сабырлы сөйлеп, өздеріңізді нұсқама бойынша ұстаңыздар, - деді Атырау ІІБ психологы Ақжібек ОРАЗОВА.
Әрі қарай қызметкерлер бұйрық бойынша медитация жасауға көшті: демдерін ішке тартып, еңкейіп, жүргізушілерден естіген бүкіл жаман сөздерді сыртқа шығарғандай «х-ха!» деп демдерін сыртқа шығарады. Бірақ жаттығуды бәрі бірдей жасай алмады: бірі мұны әшейін нәрсе деп қабылдаса, енді бірінің қарындары кедергі келтірді.
- Сосын пара алмаңыздар! – деді Шаеденов. – Өткен жылы кейбір қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол беріп, теріс себептер бойынша сотталды немесе жұмыстан босатылды. 10 мың теңге үшін масқара болғыларыңыз келе ме?
- Бұл енді бір рет болса ғой, ал бірнеше рет алса, біраз ақша жиналып қалады, - деді тыңдаушылардың бірі күбірлеп. – Әзіл ғой. Мен пара алмаймын.
Содан соң оларға Қырғызстандағы жүргізуші мен полицей жанжалдасқан әлеуметтік желідегі бейнежазба көрсетілді. Жақында ғана Жылыой ауданынан түсірілген бейнежазбаны көрсетпеді. Айтпақшы, ол бейнероликтегі Теңіз полиция бөлімі қызметкерінің сөгіс алғаны белгілі болды.
Сценарий бойынша көрініс көрсетілді: тоқтатылған жүргізуші дөрекі боп шықты, полицияға әдепсіз сөздер айтып, тіпті, құжаттарын көрсетуден бас тартады. Бірақ ЖПД қызметкері ахуалды ушықтырмай, өзін заң шеңберінде ұстап, дөрекі жүргізушіні «орнына» қоя біледі. Бәлкім, ту сыртында погон таққан 15 жігіттің тұрғаны да оған батылдық берген шығар.
- Жол бойында орын алатын осындай жағдайларда біздің жігіттер көбінесе психологиялық тұрғыда ортақ мәдениеттің болмауынан да ұтылып жатады. Көпшілігі орыс тілін білмейді, бұл да минус. Сонымен, жігіттер, әрі қарай да осындай сабақтар өткізіп тұрамыз, сіздерге пайдасы тиеді деп ойлаймын, - деп сөзін түйіндеді Шаеденов.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор