Қаладағы жолаушылар тасымалына наразы болмаған жан жоқ шығар. Газет беттерінде де, әлеуметтік желілерде де тозығы жеткен автопаркке, «желаяқ» жүргізушілерге және алақол кондукторларға үнемі сын айтылып жатады. Жаңа жыл басында осыған қатысты тағы бір проблема азаюы тиіс. Наурыз мерекесі қарсаңында қаладағы автопарк жаңа 50 жолаушылар автобусымен толықты.
«Теңізшевройл» компаниясы тарту еткен заманауи және экологиялық таза автобустар арбаға таңылған жандар үшін пандустармен жарақталған. Бұл инклюзивті қоғам құрудың кішкентай болса да елеулі қадамы.
Облыстық әкімдік алдында болған ресми салтанатта ТШО-ның негізгі жобалар бас менеджері Кевин КАСНЕР қала әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫНА жаңа автобустардың кілтін табыстады.
Әкім әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуде үнемі қолдау көрсетіп отыратындығы үшін компанияға алғыс білдіріп, жаңа автобустардың қаланың орталық маршруттарына жіберілетінін нақтылады.
Құттымұратұлының айтуынша, қазіргі уақытта Атырауда 30 бағыт бойынша 190 автобус жұмыс істейді. Әрине, бұл аумағы күннен күнге кеңейіп келе жатқан мұнай астанасы үшін жеткіліксіз. Қоғамдық көліктің «ғажайыптарын» күнделікті таңертең және кешкілікте көріп жүрміз, кейбіреулер одан да жиі куә болады. Аялдамаларда автобустарды сарылып күту, автобустардың лық толы болуы көпшілікті такси қызметін пайдалануға мәжбүр етеді. Мүмкіндігі барлар өз жеке көлігіне отырады. Бұл қарбалас уақытта жол бойындағы көлік санын көбейтеді, әрі қаладағы онсыз да қолайсыз экологиялық жағдайды нашарлатады.
- Көлік жүйесі біз үшін күрделі мәселе болып қала бермек, - дейді әкімдік өкілдерінің бірі тілдескен кезде. - Жолаушылар көлігінің жетіспеушілігіне байланысты Атырау облысы әкімдігі ТШО-ға Атырау үшін заманауи автобустар сатып алу жөнінде ұсыныс жасады.
ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, «Теңізшевройл» «Игілік» әлеуметтік бағдарламасының аясында автобустар сатып алған.
- Қазақстандық қамтуды дамыту және қолдау мақсатында отандық өндіруші – «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нен сыйымдылығы 86 жолаушы болатын «Ankai» маркалы 50 дана автобус сатып алынды.
Автобустар Қостанайдағы зауытта шығарылады. Астанада көп уақыттан бері осы автобустар пайдаланылып келеді және бұл автобустар қолданысқа жақсы екенін көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта 30 автобус жеткізілді, қалған 20-сы сәуір айында әкелінеді, - деді Артығалиев.
Өндірушілердің айтуынша, бұл автобустардың жиынтығында мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін бекіткіштер мен механикалық пандустар қарастырылған. І топ мүгедегі Яда КАБАКАНОВА бұл арбаға таңылған жандардың көптеген проблемасын шешуге көмектеседі деп үміттенеді:
- Қазір біз «Инватакси» қызметін ғана қолданамыз, бірақ бұл машиналар қаламыздағы барлық мүгедектер үшін жеткіліксіз. Пандуспен жабдықталған қарапайым автобустар біз үшін қоғамдық көлікті қолжетімді қылады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ТШО-ның негізгі жобалар бас менеджері Кевин Каснер компанияның жергілікті қауымдастықтың бір бөлігі екенін және солай болып қала беретінін атап өтті:
- Атырау облысындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге қолдау көрсету - біздің басты мақсатымыз. 1993 жылдан бері ТШО әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 1,7 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бөлді. Бүгін біз қала үшін аса қажет көлікті сыйға тартып отырмыз. Енді қалалық автопарктің көлік қызметін жаңа деңгейге көтеруіне мүмкіндігі бар. Сатып алынған автобустар барлық техникалық стандарттар мен заманауи талаптарға сай, – деді Кевин Каснер.
Қала әкімі Құттымұратұлы атап өткендей, жаңа автобустар автопаркті жаңғырту үдерісін аяқтауға және қалалық жолаушылар тасымалының сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Демек, «Теңізшевройл» біздің қоғамдық көлігімізді техникалық жаңғыртуда үлесін қосты деген сөз. Енді біздің жүргізушілерімізді де қала көшелерінде жарыспауды үйрететіндер табылса, жақсы болар еді.
Мәдина БЕКОВА