Атырау облысында 111 764 азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесінің кезегінде тұр. Оның ішінде ең көбі Атырау қаласында - 86963, Жылыойда 10958 адам, ал ең төмені - Исатай ауданында 500 адам тіркелген. Бұл туралы брифингте Атырау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек ЕРМЕКҚАЛИ мәлімдеді. Биыл 2257 азамат кезегі бойынша жер теліміне қол жеткізеді. Оның ішінде 1000 қала тұрғыны Зарослый, Көкарна, Водников-2 және 3, Еркінқала-2 және Еркінқала-3 елді мекендерінен жер алмақ.
Басқарма басшысының айтуынша, әрбір ҚР азаматына бір рет он соттыққа дейінгі жер тегін беріледі. Егер берілген жер үш жылда игерілмесе, кері мемлекетке қайтарылады. Ал мұнайлы астанада тек 8 соттық жер бөлінеді.
«АЖ» сауалдары:
- Қызылқоға ауданы жерінің бір бөлігін ауыл шаруашылығы мақсатында Мақат ауданына беру туралы мәселе қалай шешіліп жатыр?
- Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, Қызылқоға ауданының 415 мың гектар жерін Мақат ауданына беру жоспарланған. Қазіргі таңда жерге орналастыру жобасын әзірлеу үшін бюджеттен 22 млн теңге қаражат сұратып отырмыз.
- Ауыл шаруашылығы мақсатында жалға алып, игермей отырған жерлер бар ма?
- 2018 жылы түгендеу жұмыстары кезінде 56200 га жер пайдаланылмай отырғаны анықталды. Ескертуден кейін 1100 га жер пайдаланыла бастады. 17200 га жер мемлекетке қайтарылды. Қалған 37900 га жер уақытында игерілмесе, сот арқылы мемлекетке қайтарып алынады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор