Жаңа үйлер салу және көше камераларын орнату жезөкшелікті қалайша жаңа технологиялық деңгейге көтере алды? Неліктен жергілікті «көбелектер» соңғы кездері Ақтауда «жұмыс істеуді» жөн көреді? Олардың жеке өмірлерінің келешектері қандай? Мұнайлы астанадағы «түнгі перизаттарға» қатысты осы және басқа да жайттар туралы «АЖ» тілшісі анықтаған еді.
ЖАҢЫЛЫСУ
Атырау облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының достық кабинетіне (бұл кекесін емес, солай деп аталады) тілшінің келетіндігі туралы алдын-ала келісілген еді, бірақ ыңғайсыз жағдай болды. Кіре бергенім сол еді, дәрігер-дерматовенеролог Нысангүл АСАНОВА үйреншікті дағдысымен қайда отыруым керектігін ұқтырып, медициналық демперде киіп, терезе желкөзін, содан кейін кабинет есігін ашып, маған мұқият зер салып: «Сіз жаңадан келдіңіз бе? Кімнен?» деп сұрады. Сол кезде ғана мені жезөкше екен деп ойлағанын түсіндім.
Анық-қанығын білген соң, Нысангүл Нұрасылқызы «демперде-желкөз-есік» алгоритмі міндетті екенін, өйткені 14 жылдан бері осы лауазымды атқарғалы темекі мен арақ иісіне аллергиясы бар екенін, ал бірде-бір түнгі көбелектің бұл иіссіз жүрмейтінін күле түсіндірді. Ал «Сіз кімнен келдіңіз?» деген сұрақ, құпия сөз секілді. Өйткені жеңіл жүрісті қыз Орталыққа, әдетте, аутрич-қызметкердің, яғни, дәрежесі «көтерілген» бұрынғы жезөкше - «маматайының» кеңесі бойынша келеді. Дөрекі тілмен айтсақ, жеңгетайлар.
Нысангүл Асанованың айтуынша, «маматайлардың» Атырауда әр саламен байланысы бар, ал олардың ең «элитасы» мейманхана бизнесіне қызмет көрсетеді. Олар өздерін ертегідей – перизаттар деп атайды.
- Қыздарды әдетте кәсіби фотограф суретке түсіріп, содан кейін бұл суреттер каталогқа енеді. Ол тек таңдаулы адамдарға ғана қолжетімді, - деп әңгімелейді Нысангүл. - Олардың клиенттері, әдетте, шетелдіктер. Мұндай қыз үшін орташа баға – көрсетілетін интимдік қызметтің «күрделілігіне» қарай 200-300 ш.б. шамасында. Мейманхана «маматайына» ілігу оңай емес, оған кез келгені емес, ең үздіктері алынады.
«МАМАТАЙСЫЗ» КҮН ЖОҚ
…Бірақ кезекті анализ тапсыруға келгенде олар орташа статистикалық әйелден ерекшеленбейді: аса ерекше макияжсыз, қарапайым джинсымен және кроссовкамен келеді.
Бірде Нысангүл Нұрасылқызын 8 наурызды тойлауға мейманханаға шақырған. Демалыс күндері болғандықтан емес, өз клиенттері келгенше мерекені атап өтпек болыпты. Таңғалмаңыз, достық кабинеті дәрігерінің мамандығы осындай, түнгі көбелектер оған құпиялары мен армандарын бөлісетін құрбылары секілді. Тіпті, әртүрлі көзқарастың адамдары болса да. Енді басқа кімге сене алады? Өйткені дәрігер ғой. Сөйтіп, түрлі қыздардың ортасында отырып, дәрігер олардың жартысын танымапты: қыздар ашық боянып, көздің жауын алатын көйлектер киіп алған. Қайтадан танысуға тура келген.
Дәрежесі төмен басқа әйелдер де міндетті түрде «маматайының» маңына жиналады. Атырауда өздеріне жұмыс істеу деген түсінік жоқ. Біріншіден, ақшасын бермей алдап, соққыға жығылуы, тіпті, одан да қауіпті жағдайлар болуы мүмкін. Тіпті, элиталық (қорғалған деп оқыңыз) қыздардың клиенттерінің арасында да садизмге бейімдері болады. Ал егер жезөкшенің қамқоршысы болмаса, онда оның құрбан болу мүмкіндігі жоғары. Екіншіден, клиенттердің көпшілігі құмарлығын тежеп, ақылмен сараптайды: өз денсаулығын ойлап, өзіне ұнаған перизатта түрлі жаман аурулардың жоқтығы туралы алдын ала анықтама сұрайды. Егер анықтама болмаса, жұмыс та жоқ. «Маматайлар» денсаулық, қауіпсіздік, тұратын жері, тамағы, демалысы секілді мәселелерге де жетекшілік етеді.
«PRETTY WOMAN» - БҰЛ ЕРТЕГІ
Соңғы кездері коммерциялық секс қызметкерлері Ақтауды анағұрлым «табысты» әрі болашағы бар деп есептейді. «Қазір ақшаның бәрі сол жақта» дейді олар. Дегенмен, бұған таңғалуға болмайды. Ақтау кешікпей қазақстандық Антальяға айналады деп мәлімделгеннен кейін инвестиция ғана емес, ол жаққа бүкіл Қазақстаннан жезөкшелер де ағылды. Ал олардан қалған бос орындарды өзбектер, қарақалпақтар, бірақ көбінесе Оралдан, Тараздан, Қызылордадан келген қазақстандықтар басқан. Ресейден де бар.
- Жалпы, қазір қалада интимдік қызмет көрсететін қыздар өте аз, қазір маусым емес, - дейді Нысангүл. - Кейде оларды жыл құстарымен салыстырамыз: мұнда олар көктемде, сәуірге жақын пайда болады, ал күз соңында қайтадан өз қаласы мен еліне кетіп қалады. Тек Атыраумен өз өмірін байланыстырып, клиентсіз қалмайтындығына сенімділер ғана қыстап қалады.
Әңгіме барысында бір алматылықтың осы жерден пәтер мен машина сатып алғанын білдім. Жезөкшелікпен табандап айналысып, он жылдан астам уақыт ақша жинапты. Туыстары оның бұл жерде сауда бизнесі бар екендігіне сенімді. Бәрі сәтті аяқталған тағы бірнеше жағдай бар. Мысалы, 15 түсік жасатып, осындай жолмен жүрген қыз бірнеше жылдан кейін бұрынғы клиентіне тұрмысқа шығып, сәби сүйген. Тағы бір клиент үйленбесе де, жезөкшеге пәтер сатып әперіп, оның атына рәсімдеген.
Бірақ мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Көп жағдайда бұл әйелдердің тағдыры қиын. Есепсіз түсік жасатқандары, ауырған түрлі соз аурулары әсер етеді: контрацепция құралдарынсыз байланыс екі есе көлемде төленеді, әрі олардың пікірінше, бастарын қауіпке тігеді. Әрине, үзілді-кесілді бас тартатындар да бар, бірақ ондайлар аз.
- Жалпы, менің жеке байқауымша, егер жезөкше 30 жасқа дейін бұл істен бас тартпаса, соңы жақсы аяқталмайды. Тағдыры күйреп, ауру болады: менің бұрынғы пациентімнің бірі қазір шемішке сатады, өзі мүгедек. Әлі жас, бірақ кемпір сияқты көрінеді. Басқаларының қайда екенін де білмеймін, мүмкін үйлеріне кетіп, сол жақта өмірлерін құрған шығар. Солай шығар деп үміттенемін, - деп қынжылыс білдірді дәрігер.
«Вахтамен» жұмыс жасайтын қыздар ұзақ уақытқа келмейді, бір ай осында болса, бір ай үйлеріне кетеді. Олардың ішінде ажырасқандар көп, мұқтаждықтың зардабынан мәжбүр болғандар да бар. Өткен жылы Өзбекстаннан 50 жастағы әйел келген. Оның айтуынша, күйеуі қайтыс болған, жеті баласы бар екен. Тапқан-таянғанының бәрін үйіне жібереді екен. Бір жылдай «жұмыс жасап», содан соң кетіп қалған, қайтып келмепті. Оның клиенттері жеткілікті болған екен.
СЫРЫМ ДАТОВТАҒЫ «НҮКТЕ» НЕЛІКТЕН ЖОҒАЛДЫ?
Республикалық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мәліметтері бойынша 2018 жылғы желтоқсанда Қазақстанда интимдік қызмет көрсету саласында 19 100 адам жұмыс істейді. Бұл - есепке алынғандары ғана.
Әрине, жас қыздардың бәсі жоғары. Олардың көпшілігі, негізінен, алматылықтар, оралдықтар, жоғары білімдері бар.
- Ақылды, сұлу қыздар, олардың бірі, тіпті, менің әріптесім, медициналық білімі бар. Бұрын олардан: «Сендерге бұл неге керек? Неге мамандықтарың бойынша жұмыс жасамайсыңдар? Неге күйеуге шықпайсыңдар?» деп сұрайтын едім. Олар маған: «осы лауазымда қанша табыс табасыз?» деп қарсы сұрақ қоятын. Менің табысымның көлемін білген соң, бұл ақшаны көп күш жұмсамай-ақ, бір күнде табатындарын айтатын. Содан кейін сұрамайтын болдым.
Қазір жезөкшеге клиент табу қиын емес. Бұрын олардың тұратын «нүктесі» Сырым Датов көшесіндегі паровоз жаны болатын. Түнімен ұйықтамай, тоңып-шашырап, ыңғайсызданып, өткіншілердің реакциясынан, полицей рейдтерінен, жат қылықты жандардан қорқып жүретін. Енді жоғары технология ғасырында секс-индустрия толығымен интернетке көшті. Айта кету керек, бұған бірер тосын факторлар: осы маңнан бірнеше коммуналдық үйлердің салынуы, жезөкшелікке қас тұрғындардың қоныстануы және көше камераларының орнатылуы септігін тигізді.
Есесіне, қалаған кез келген адам профильдік сайтқа кіріп, махаббат абызына бара алады немесе диваннан тұрмастан қыздардың, жігіттердің сауалнамаларын тауып, үйіне шақыра алады. Атыраудағы бұл қызмет құны Ақтаудан төмен, бірақ біздің байтақ еліміздің басқа облыс орталықтарының алдында көш бастап тұр.
БІЗДЕ ТРАНСГЕНДЕРЛЕР ЖОҚ
- Сайттағы бұл әйелдер, түсінуімше, «элита» емес қой. Олар кімдер?
- Әдетте, сәл үлкен жастағылар. Олардың 90%-ы ажырасқандар, басқа қалаларда әжелері мен аталары бағып жатқан балалары барлар, - дейді Н.Асанова. – Олар клиенттерді пәтерде қабылдайды, бірақ жақын маңдағы басқа жерлерде тұрады. Бұлардың бәрі де «маматайларының» қамқорлығымен жұмыс істейді.
- Ал жігіттер мен трансгендерлер ше?
- ЖИТС-тің алдын алу орталығында еңбек еткен жылдарымда достық кабинетінің табалдырығынан жігіт те, трансгендер де аттаған емес. Бәлкім, олар өздерімен өздері, «индивидуалдар» шығар... Бәлкім, анализ тапсыратын шығар, олардың немен айналысатынын ешкім білмейтін болар.
- Егер біреудің ауру екені анықталса ше?
- Мұндай жағдай соңғы рет 2017 жылы болды. Мен қазір жеңіл жүрісті қыздар туралы айтып отырмын. Біреуінен ВИЧ, екіншісінен жақында жатырдың қатерлі ісігі анықталды. Әдетте, мұндай жағдайларда және соз ауруларына байланысты басқа жағдайларда біз оларды емдемейміз, тұрғылықты мекенжайы бойынша емдеуге жібереміз. Есептегі қыздар әдетте ЖИТС/ВИЧ-ке үш айда бір рет анализ тапсырады немесе ай сайын өз қалаулары бойынша басқа аурулар бойынша жұғынды тапсырады. Олардың «маматайлары» 10-15 адамнан жіберіп тұрады. Әдеттегі жұмыс. «Маматайлардың» бірі: «Егер қызымыз сау әрі таза болса, бизнесіміз де жақсы болады» деп айтқанды жақсы көреді.
- Ал олардың ішінде осы салаға өз еркімен келмегендер бар ма?
- Жаңадан келген әр қызға үнемі осы сұрақты қоямын. Білесіз бе, жоқ екен, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз келген.
- Жезөкшелер арасында нашақорлар бар ма?
- Жоқ деуге болады. Ондайлармен кім әуре боп жүргісі келеді? «Маматайларға» олардың қажеті қанша? Олар тартымды көрінбейді және дозасыз қиғылық салады.
Сәл кейінірек арнайы сайттардың бірінен телефон нөмерлерін тауып, «перизаттардың» бірімен хабарластым. Тек аз ғана оқырмандар тобына қызықты болуы мүмкін ақпараттар арасында «маматайларының» қамқорлығына, жоғары технология ғасырына қарамастан, «менттер» мен жезөкшелер арасындағы байланыс ешқашан үзілмеген. Қалғанын білетін оқырмандар жорамалдар.
- Бәрі бірдей емес, бірақ олардың арасында нағыз тасжүрек, еш жазаланбайтын, сондықтан да арсыз, рақымсыздары бар. Кейде ақшамызды тартып алады. Мұның бәрі «маматайымыздың» ықпалдылығына байланысты, - дейді әдемі, ойдан шығарылған есімі бар сұхбаттасушым. – Менің «маматайым» бар ма? Әрине! Жалғызбасты жезөкшеге бұл жерде жұмыс жасатпайды. Бірақ мұның бәрі құпия. Ой, кешіріңіз, маған екінші желіде қоңырау түсіп жатыр.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА