«Солтүстік айналма жол құрылысы» жобасының аясында Жайық өзені арқылы көлік өткелі салынады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат НҰРТАЕВ хабарлағандай, жергілікті бюджеттен тек ЖСҚ дайындауға жергілікті бюджеттен 350 млн теңге бөлінген.
Солтүстік айналма жолдың жалпы ұзындығы - 26 шақырым. Жоба аясында 4 ірі жол түйіні салынады: Квадрат булану алаңының артындағы Атырау – Астрахан трассасының қиылысында (жол басы), Атырау – Орал трассасының қиылысында, Атырау – Индер трассасының қиылысында және Атырау – Ақтөбе трассасының қиылысында (жол соңы). Екінші санаттағы жол Махамбет ауданының Алмалы мен Береке (Память Ильича) ауылдарының арасына салынады. Көппәтерлі 162 үйі бар ірі тұрғын үй массиві жоспарланып отырған Талғайраң ауылының маңына Жайық арқылы көпір салынады. «Солтүстік айналма жол құрылысы» жобасы шамамен 2020 жылдың аяғына қарай жүзеге асады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ