Жыл сайын, қалыптасқан жақсы дәстүр бойынша, «Ембімұнайгаз» АҚ-тың (бұдан әрі - ЕМГ немесе Компания) мұнайшылары көктемнің басталуын компанияның ірі кен орындарының бірінде атап өтеді. Биыл ембіліктер «Көрісу» мен «Наурыз» мерекесін Қызылқоға ауданындағы «Қайнармұнайгаз» МГӨБК «Кенбай» кен орны базасында тойлады.
Компанияның барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерін біріктіретін іс-шараға «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы АҚ (бұдан әрі - ҚМГ ҰК) өндіру бойынша Басқарма төрағасының орынбасары Ж.Н. Марабаев, ҚМГ ҰК өндіру бойынша басқарушы директоры М.Ж. Салимгереев, ЕМГ Басқармасының төрағасы А.Е. Жақсыбеков, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары М.Әбуов, өндірістік бөлімшелердің кәсіподақ жетекшілері, Компанияның ардагерлері және т.б. қатысты.
Мерекелік салтанаттың алғашқы бөлімі театрлық қойылымнан басталды, онда «Қайнармұнайгаз» МГҚ-ның «әртіс» мұнайшылары дайындаған көріністер көрсетілді.
Өз кезегінде құттықтау сөз алған Жақып Нәсіпқалиұлы: «Көрісу – табиғаттың шуағы мен жылылығын, нұрын төгетін, күннің ұзаратын, тіршіліктің жаңаратын керемет кезеңі. Көрісу – ынтымақ пен бірліктің, ырыздық пен берекенің бастауы. Көрісу – тазарудың, қайырымдылық пен мейірімділіктің күні»,- дей келе, Ембінің үздік қызметкерлеріне «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ құрмет грамоталары мен «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының төсбелгісін табыс етті.
- Ұлттық салт-дәстүрді құрмет тұтатын Ембі мұнайшылары үшін әз-Наурыздың орны бір бөлек. Жыл сайын біздің үлкен де тату ұжымымыз бір-бірімен, ардагерлермен көрісіп, көктемнің келуін бірге тойлайды. Биыл мерекелік шара 1995 жылы Қазақстан Республикасының президенті ашқан «Кенбай» кен орнында болып жатыр. Мен осы үлкен ұжымымыздың өткен жылы өлім мен апаттық жағдайлар бойынша нөлдік көрсеткішке қол жеткізгеніне қуаныштымын. Сондай-ақ, 2018 жылдың көрсеткіші бойынша өндірістік бағдарламаны 2 миллион 895 мың тоннаға табысты орындаған ембіліктер өнім өндіру жоспарын салыстыра қарағанда 55 мың тоннаға артық өндіріп отыр, - деп атап өткен «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков ембілік мұнайшылардың үздіктерін марапаттады.
Мерекелік кеш аясында «Қайнармұнайгаз» МГӨБ қызметкерлері Қызылқоға ауданы әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Ұлыстың ұлы күнін «Ембімұнайгаз» ұжымы жоғары дәрежеде тойлады. Кенбай кен орнында тойланған мерекеде қаз-қатар ақшаңқан үйлер тігіліп, наурыз көже әзірленіп, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өтті. Көне тарихымыздан бүгінге дейін жеткен ұлттық нақыштағы жәдігерлеріміз жинақталған этно-ауыл да мереке барысында көпшіліктің назарына ұсынылды.
Мерекелік бағдарламаның ең қызықты тұсы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ қызметкерлерінің орындауындағы танымал әндер мен билердің попурриі және флеш-моб болды.
Кенбайдағы Наурыз тойын тойлау кезінде көптің назарына іліккен Тайқазан мерекенің сәнін одан әрі арттыра түсті. Ұлыстың ұлы күнінің символы саналатын Тайқазанды «Қайнармұнайгаз» МГӨБ қолданыстағы құрал-жабдықтарды жөндеу және прокаттау бөлімінің слесарі Қуаныш Мұхтаров өз қолымен дайындаған. Әріптесіміздің айтуынша, салмағы шамамен 150 келідей болатын осындай әдемі Тайқазанды дайындау үшін 18 күн уақыт кеткен. «Қайнарлық» мұнайшылар Наурыз тойына тарту ретінде аталған Тайқазанды аудандық мұражайға сыйға табыс етті.
Естеріңізге салсақ, компаниямызда дәстүрге айналған «Наурыз» тойын тойлау 2016 жылы бастау алған. Бұған дейін көктем мерекесі «Жылыоймұнайгаз»-дың Прорва кен алаңында, «Жайықмұнайгаз»-дың Салтанат Балғымбаев, «Доссормұнайгаз»-дың Ботақан кен алаңдарында тойланды.