Мешіттерде жағалай оқ атып, намазға жығылған жұртты қынадай қырған оқиғадан кейін елді үрей биледі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Өткен жұма күні Крайстчерч қаласында 28 жастағы Австралия тұрғыны Брентон Тарранттың қолынан 50 адам көз жұмды. Осы оқиға бір нәрсені анық аңғартты – Жаңа Зеландиядағы «қару туралы заң» қоғамның қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жатқан жоқ. Неге олай? Мәлім болғандай, Брентон керек-жарақтың барлығын онлайн режимде сатып алған. Жаңа Зеландияда қарапайым қару сатып алып, оны жетілдіру аса қиынға соқпайтын сыңайлы.
Адамның төбе шашы тік тұратын оқиға осыны анық байқатты. Жалпы, бұл елдің 1,5 миллион азаматында қару бар. Заңға сәйкес, 16 жасқа толған кез келген жаңазеландиялық жеке қару сатып ала алады. Ал жартылай автоматты әскери қаруды 18 жастан бастап қолдануға болады. Ол үшін бар болғаны экранда көрсетілген лицензияға қол жеткізу керек. Әрине, ол үшін арнайы медициналық және қылмыстық тексерістен өту шарт. Осындай ресми рұқсатты бар адам тіпті бір емес, бірнеше қару сатып ала алады.
Ең сорақысы, ол қарудың дені ресми тіркеуден өткізуді қажет етпейді. Дей тұрғанмен жартылай автоматты қаруды міндетті түрде тіркеу керек. Алайда заңның шикілігі сол – мұндай автоматтарды сәл өзгертсе, онда ресми түрде тіркеп қажеті жоқ.
Жасинда Ардерн, Жаңа Зеландияның премьер-министрі:
- Бұл жағдай Жаңа Зеландиядағы қару туралы заңның әлсіздігін аңғартты. Күллі әлем сабақ алатын жағдай болды. Сондықтан қоғам қауіпсіздігін сақтау үшін біз нақты әрекетке көшу керекпіз. Жан түршігерлік бұл оқиғадан кейін қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 10 күннің ішінде біз жаңа реформаны жария етеміз.
Крайстчерчтегі террорлық әрекет – Жаңа Зеландия тарихындағы ең жантүршігерлік оқиға. Осылай деген премьер-министр Жасинда Ардерн шұғыл түрде қару ұстау туралы заңға өзгеріс енгізіледі деп уәде етті. Ал қаніпезер содырдың қазіргі жағдайына тоқтала кетсек, Брентон Таррант қорғаушының қызметінен бас тартты. Сот тағайындаған қорғаушы Ричард Питерс онымен тілдескен кезде, Тарррантың жасаған қылмысы үшін бармақ тістегенін байқамағанын айтады.
Ричард Питерс, сот тағайындаған қорғаушы:
- Ол өзінің ақыл-есінде. Тіпті не үшін айыпталып жатқанына дән риза көрінеді.
Естеріңізге салсақ, 28 жастағы Брентон Таррант лаңкестік әрекет жасардың алдында 37 парақтан тұратын манифест жариялаған. Ақ нәсілді азаматтардың мәртебесі жоғары екенін, ділі мен діні бөлек азаматтарды тұқыртып ұстау қажеттігін ашық жазған. Жұма күні мұздай қаруланған ол екі мешітке барып, намазға жиналған жамағатқа оқты қарша боратады. Кейін анықталғандай, ол бұл қылмысқа алдын ала дайындалған. Қару-жарақтың кейбірін Gun City деп аталатын дүкеннен былтыр және алдыңғы жылы сатып алған.
Дэвид Типпл, Gun City дүкенінің қожайыны:
- Біздің дүкен оған «А» санатындағы 4 қару мен оқ-дәрі сатқанын полицияға хабарладық. Gun City арқылы сауда-саттық полицияның рұқсаттамасымен онлайн түрінде жүргізілді. Gun City оған жартылай автоматты әскери қару сатқан емес.
Қарудан бөлек, қандықол қаніпезер басына камераны қыстырып, өзінің қылмысын әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирден көрсетті. Осыған қатысты мешіттегі қантөгісті желі арқылы таратқан 18 жастағы бозбала да тұтқындалды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, олардың бір-бірімен байланысы жоқ. Дей тұрғанмен жеткіншек өз жазасын тартады. Осыған қарамастан Крайстчерч жастары зұлымдыққа жол бергісі келмейді. Бейбітшілік пен келісімге үндеген олар түрлі шара ұйымдастырып, мұсылман бауырларға көңіл айтты. Қоғамды дүр сілкінткен бұл оқиғадан кейін студенттер ауызбіршілік танытып, арнайы акция өткізді.
Атап айтқанда, Жаңа Зеландияның ежелгі дәстүріне сәйкес, жамандық атаулыны жолатпас үшін Хакка жоралғысын жасады. Бұл – ерекше рухты би. Жаңа Зеландиядағы халық осылайша қатыгездікке қарсы үндеу салып жатыр.
Дереккөз: 24.kz