Атырау, 25 қараша 04:41
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Қазмұнайгаз» бен «Лукойл» «Жеңісті» қолға алмақ

2 254 просмотра


Ресейлік «Лукойл» мен «Қазмұнайгаз» компаниясы биыл Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Жеңіс» блогына бірлесіп геологиялық барлау жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы журналистерге энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ хабарлады. Бұдан бұрын компаниялардың бұл жерден тең үлесте бірлескен кәсіпорын құруға ниетті екені айтылған болатын. Жобаның бірінші кезеңі 60 млн доллар, екінші кезеңі – 210 млн доллар көлемінде инвестицияларды қарастырады.

«Жеңіс» жобасы бойынша бірлескен қызмет және қаржыландыру туралы келісім 2018 жылдың 30 қарашасында жасалған болатын. Құжаттарға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик АЙДАРБАЕВ пен Мәскеудегі «Лукойл» ЖАҚ президенті Вагит АЛЕКПЕРОВ қол қойды.

«Жеңіс» блогы Каспийдің қазақстандық секторында 75-100 метр тереңдікте орналасқан. Жағалауға дейінгі қашықтық 80 км, Ақтауға дейін 180 км. Учаске алаңы – 6 848 ш.м. Ол «Лукойл» мен «Қазмұнайгаз» бірлесіп игеріп жатқан «Орталық» кен орнына жақын маңда орналасқан. Қазақстанда «Лукойлдың» үш ірі мұнай жобасында: ТШО (5%), Қарашығанақ (13,5%) және Құмкөлде (50%) үлесі бар. Сонымен қатар, компания Каспийдің ресейлік секторында Филановский және Корчагин атындағы кеніштерді игеруде. Gaffney, Cline&Associates консалтинг компанияларының бағалауынша, теңіздің қазақстандық қайраңында 2,3 млрд тонна мұнай қоры бар. Бұл Солтүстік Каспий жобасын (Қашаған, Ақтоты, Қайраң және Қаламқас-теңіз) есептемегенде. Ал «Жеңіс» блогында алдын ала алынатын қорлар 71 млн тонна болады.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

18 наурыз 2019, 16:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.