Атырау, 25 қараша 04:50
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Астана көктемгі балық аулау маусымына тыйым сала ма?

Бейнежазба
2 955 просмотра


Жайық өзенін экологиялық зерттеуге жергілікті бюджеттен 80 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Абай САФИН «Нұр Отан» партиясы филиалының отырысында хабарлады. Шара соңында «АЖ» отырысқа қатысқан аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Данияр БАЙМАҒАМБЕТОВТЕН шағын сұхбат алды.

- Демалыс күндері әлеуметтік желілерде Жайықтан қызыл желбезекті өлі балықтардың табылғаны туралы бейнежазба пайда болды. Сонда балықтар әлі қырылып жатқаны ғой...

- Сондай факт болды. Қазір бұл балықты облыстық ветеринарлық зертханаға тексеруге жолдадық. Тексеру аяқталғаннан кейін бұл балықтардың жаңадан қырылуы ма, жоқ па, халыққа хабардар етіледі.

- Әлеуметтік желілерде теміржол көпірінің, Еркінқала мен Дамбы маңындағы өзен түбінде өліп жатқан балықтарды түсірген бейнежазба таралып жатыр.

- Бүгінде өлі балықтарды жинау бойынша шаралар кешені жүргізілуде. Бұған атқарушы органдар, арнаулы автобаза мен біздің инспекция қызметкерлері жұмылдырылды. Әзірге ештеңе айта алмаймыз. Сүңгуірлер Жайықтың 10 жеріне ғана түсті. Бұл бейнежазба тексеріліп, тиісті бағасы беріледі.

- Егер су түбінде өлі балықтардың көп екені дәлелденсе, не істейсіздер?

- Біз қазірдің өзінде қолда бар бүкіл құралдарды пайдаланып, жұмыс істеп жатырмыз. Жағалау бойында ілмектер мен ескектерді пайдаланамыз. Тереңірек жерлерде катерлермен өзен түбін сүземіз, сапты торлармен шығарамыз. Тартымдарда кооперативтер балық аулауға кірісіп кетті. Олар ауға түскен өлі балықтарды бұдан бөлек жинап, кейін жояды.  

- Бірақ теңізге өлі балықты жібермеу мүмкін емес қой...

- Неге... Облыс әкімімен бірге өзен сағасына шықтық. Аумақты тексердік. Өзен жағалауынан, өзеннің өзінде және теңізден өлі балықтар табылмады.

- Балық санының азаюына байланысты балық аулау кәсіпшілігіне мораторий енгізу қарастырыла ма?

- Қазіргі кезде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті осы мәселені қарастыруда. Бұл мәселе шешілген бойда, бізге дереу хабардар етеді деп ойлаймын.

- Бұл қашан белгілі болады?

- Жалпы, көктемгі балық кәсіпшілігі маусымы басталып кетті, оған енді тыйым сала алмайтын шығар.



Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

18 наурыз 2019, 14:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.