Атырау облыстық Полиция департаментінің балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің (су полициясы) базасында «Ашық есік күні» өтті. Күш құрылымдарының қызметкерлері болашақ заңгер – студенттерге өздерінің қару-жарақ пен қорғаныс құралдарын, қоян-қолтық күресудің күрделі әдістерін және тағы басқаларды көрсетті.
Жасырылған «есірткілерді» жаңылмастан тауып алып, қашқан «қылмыскерлерді» аяусыз ұстаған қызметтік төбеттер де қошеметке бөленді.
- Бүгін студенттер біздің қызметкерлеріміздің біліктілігін көрді, бұған дейін тек теледидардан көрген каскалар мен оқ өтпейтін кеудешелерді киіп көруге мүмкіндік алды. Жігіттер ғана емес, қыздар да қызығушылық білдірді, - дейді Атырау облыстық Полиция басқармасының кадрлық жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Үмбет СЫДИХОВ. – Бұл студенттердің көпшілігі алдағы уақытта құқық қорғау органдарында жұмыс істейді деп ойлаймын.
Палуандар арқан тартысып, ауыр салмақтағы кір тастарын көтерді. Содан кейін тек полиция ғана емес, әскерилер де қатысқан қазақ күресінен «Полиция Барысы» турнирі басталды. 100-ден астам палуан боз кілем үстінде бақтарын сынады, ал жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкері Аманбек АРУОВ жеңімпаз атанды.
- Менің қызметім спортпен тығыз байланысты, біз күн сайын жаттығамыз. Полицияда 5 жылдан бері жұмыс істеп келемін, осы уақытта бірнеше республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі болдым. Біздің басшылық әрдайым спортшыларға қолдау көрсетеді, - дейді Аруов.
Полиция департаментінде жекпе-жек бойынша беделді халықаралық турнирлердің 7 жеңімпазы еңбек етеді. Соның ішінде Департамент басшысы Аян ДҮЙСЕМБАЕВ та бар.
Су полициясының базасынан өткен жылдың аяғында облыстық бюджеттен 82 миллион теңгеге сатып алынған «Quicksilver 905» жүрдек катерін көргім келген, бірақ мүмкін болмады. Мүмкін браконьерлерді торуылдап жүрген болар, көктемгі балық аулау маусымы басталды ғой.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор