15 наурызда Атырау облыстық мәслихатының XXIX сессиясы өтті. 2019 жылға арналған бюджет туралы экономика басқармасының басшысы Айдар НҰРАЛИЕВ баяндама жасады. Бюджет 346 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Шынында, орталыққа алымсыз шығындар бөлігі және бюджеттік несиелерді өтеу 172,3 млрд теңге болады.
Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 30,5 млрд теңге бөлінді. Береке және Нұрсая ықшамаудандарында, сондай-ақ, Аққыстау, Құрманғазы, Еңбекші, Доссор кенттерінде және Құлсары қаласында тұрғын үй құрылысы жалғасады.
Атырау қаласының 38,3 км көшесін күрделі жөндеуге; Жаңаталап және Жыланды ауылдарындағы көшелерді қалпына келтіруге, Котяевка-Шортанбай жолын және Шортанбай ауылының ішкі жолдарын күрделі жөндеуге, Құрманғазы ауданының Құрманғазы, Сафон, Бірлік, Котяевка, Теңіз, Ақкөл ауылдарының ішкі жолдарын қалпына келтіруге; Қызылқоға ауданының Сағыз және Мұқыр ауылдарының, Исатай ауданының Жаңа Жанбай, Мақат ауданының Мақат және Доссор ауылдарындағы жолдарды қалпына келтіруге; Индер ауданының Ақкала, Ынтымақ, Махамбет ауданының Махамбет, Сарытоғай, Бала Ораз және Береке ауылдарының кірме жолдары мен ішкі жолдарын күрделі жөндеуге қаражат бөлінді.
Құрманғазы-Приморье-Утера-Котяевка жолдарын және Құлсары қаласында жол салу жұмыстары жалғасады.
Үшжылдық мерзімнің аяқталуына байланысты әкімдік жанындағы консультативтік-кеңесші және бақылау органы - Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің құрамы жаңартылды. Кеңес төрағасы Мұрат ӨТЕШЕВ жаңа құрамдағы орнын сақтап қалды, дұрысында, төраға боп қалатын шығар.
Депутаттар Самал ықшамауданындағы №12 көшеге Адгам Каримовтың есімін беруді және 17 607 тұрғыны бар Геолог ауылдық округін Атырау қаласына қосу ұсынысын мақұлдады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы:
мемлекеттік органдардың өкілдері - облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева, облыстық мәслихат аппаратының жетекшісі Ержан Барлыбайұлы, табиғи ресурстар басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева, жастар саясаты басқармасының басшысы Роллан Құспан; азаматтық қоғам өкілдері - Атырау облысының құрметті азаматы Мұрат Өтешев, «4-ші билік» қорының төрайымы Альфия Әдиева, жастар қорының төрағасы Руслан Ахашев, облыстық кәсіподақтар орталығының жетекшісі Ізтұрған Баймұханов, «Болашақ К» қорының төрағасы Жібек Бисенова, Коммунистік халық партиясының облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев, «Елсана» руханият клубының жетекшісі Нұржан Ермұханов, «Жүректен жүрекке» қорының директоры Гүлбарам Ермұханова, «Ақпарат орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айбол Есенов, «Шаңырақ 2008» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанар Ильясова, АМУ профессоры Бекет Кенжеғұлов, «Атамекен» ҰКП бизнес-тренері Ербол Қайранбаев, «Жас интеллектуал» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлнұр Қайырлиева, «Атамұра» қорының директоры Ағиба Қатешова, «Баста UP» қорының жетекшісі Нұрлыгүл Рамазанова, кәсіпкер Әлібек Семғалиев, «Келешек Атырау» бірлестігінің төрағасы Олжас Сұлтанов, ауыл шаруашылығы озаты Сабыржан Сұлтанов, «Логос Атырау» қорының жетекшісі Бибігүл Шайхиева, кәсіпкер Ермекқали Юсупов.