«Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг и Прокьюрмент С.А.Л.- Офшор» компаниясының атыраулық филиалының қауіпсіздік қызметінің менеджері В.Михаил мен оның орынбасары Р.Рауф атына «дұрыс жұмыс жасауға мүмкіндік бермейтіндігі» туралы ұжымдық шағым түсіп, еңбек инспекторлары кәсіпорынды тексеруге барды. Тексеру нәтижесінде арызданушы екеудің бастапқыда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат құжатында көрсетілген позициясында жұмыс істемейтіндігі анықталды.
Осыдан кейін жұмыс берушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 519-бабына сәйкес, жалпы 2 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Ал Грузия азаматы В.Михаил мен Әзірбайжан азаматы Р.Рауф елден шығарылды.
Бұдан басқа, жақында әкімшілік сот Ұлыбритания азаматы Д.Даниэлге қатысты істі қарады. Ол Атырауға «Tenaz Management» ЖШС үшін жұмыс істеу рұқсатымен жалдамалы қызметкер ретінде келген. Алайда өз атына «Ganbey Atyrau» компаниясын ашып, кәсіпкерлік қызметті заңсыз жүзеге асырған. Сот қаулысымен Д.Даниэльге 44 188 теңге айыппұл салынды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша, 2018 жылы Атырау облысында жұмыс жасауға рұқсат құжаты 9 мыңнан астам шетелдік азаматқа берілген.
- Біз шетелдіктердің жұмыс жасауға рұқсат құжатындағы мамандық бойынша жұмыс істеуін қадағалаймыз. Олай болмаған жағдайда олар Қазақстаннан шығарылады, - деп хабарлады басқармадағылар.
Фархат ӘБІЛОВ