АҚШ Венесуэла азаматтарына берілген 340 визаны қайтарып алды. Оның 107-сі президент Николас Мадуроның қол астында істейтін дипломат пен олардың отбасыларына тиесілі болған. Бұл туралы журналистермен кездескен АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі хабарлады.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 14 наурызда Венесуэладағы америкалық дипломаттар Каракастан кеткенін айтқан. Олар миссиясын басқа жақта жалғастырады: Венесуэлаға жіберілген гуманитарлық көмектерді үлестіру жайын реттеп, демократиялық институттарды қолдаумен айналысады.
Оған қоса, Вашингтон Visa мен Mastercard төлем жүйелеріне Венесуэладағы транзакцияларды іске асыруға тыйым салуы мүмкін. Бұл туралы Reuters-ке Ақ үйдегі жоғары лауазымды шенеунік айтқан. АҚШ президентінің әкімшілігі "бұл Мадуро режиміне әжептеуір қысым болады" деп санайды.
Венесуэлада саяси және экономикалық дағдарыс қалыптасып отыр. 2018 жылы елдегі инфляция көрсеткіші миллион пайыздан асып кетті.
Биыл қаңтарда Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдо өзін елдің уақытша президентімін деп жариялап, мерзімінен бұрын тәуелсіз сайлау өткізу туралы бастама көтерді. Гуайдоны АҚШ, Латын Америкасы мен Еуропа одағы елдерінің көбі қолдады. Ресей, Куба, Қытай және Мексика Мадуросты Венесуэланың заңды президенті деп санайды.