Атырау, 25 қараша 04:22
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тыныштандыруға келген өкілдер

Сурет
3 578 просмотра


13 наурызда Атырауға Астанадан жоғары лауазымды шенеуніктер делегациясы: Энергетика вице-министрі Сәбит НҰРЛЫБАЙ, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН, ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зұлфыхар ЖОЛДАСОВ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нариман ЖҮНІСОВ және ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Қайрат НҰРМАҒАМБЕТОВ келді. Сапар мақсаты - халықты былтырғы желтоқсан айындағы балықтардың қырылу себептерін тергеу нәтижелерімен таныстыру.

Дамбы балық қорғау қызметі кеңсесінің жанында делегация автобустан 4 катерге ауысып мініп, өзен бойымен қала жаққа қарай қозғалды. Кіші Дамба маңында шенеуніктерге еріп жүрген зертханашылар талдама жасау үшін су алды. Жайыққа сүңгуірлер де түсіп, су астына түсірілім жасады.


Содан кейін бейнежазбаны Атырауда ұйымдастырылған Астанамен телекөпір арқылы бүкіл елге көрсетті. Бұл шараға журналистер де қатысқан еді. Кадрда лай судан ештеңе көрінбейді. Рас, бейнетүсірілім жасаған Бекзат есімді төтенше жағдайлар департаменті өңірлік құтқару жасағының сүңгуірі Жайық түбінде шынымен де өлі балықтар жоқ екенін растады.


Осыдан кейін Дамбыдағы Жаңаталап ауылының маңында астаналық меймандар кәсіпшілікпен балық аулауға кіріскен «Амангелді» кооперативінің балық аулау бригадасының жұмысымен танысты.

- Біз жаңа ғана ау салып, 2 центнер балық шығардық. 5 келісі өлі балық. Бірақ әр ау салған сайын тордағы мұндай балық мөлшері азаюда, - деді балықшылар бригадирі Өтеген БИСАЛИЕВ


Тартым маңындағы жағалау өлі балықтарға толы. Балық қорғау қызметінің инспекторлары судан бірінің салмағы 30 келідей болатын, екіншісі шағындау қос жайын шығарып, зертханаға жолдады.


Журналистермен кездесу кезінде астаналық шенеуніктер тың ештеңе мәлімдемеді. Қ.Нұрмағамбетовтің өз аузынан бір нәрсе естірміз деп үміттенген едік, бірақ ол ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабында көзделген тергеу құпиясына сілтеме жасады.

З. Жолдасов Мечников-Баймұханов көпірінің маңында ешбір құжатта белгіленбеген, Жайыққа сарқынды сулар төгетін «астыртын» 5 құбырдың табылғанын айтқанда үміт сәулесі жылт еткен еді. Бірақ Атырау облысының бас экологиялық инспекторы Қайратқали ХАЙРОЛЛА бұл құбырлардың ішіндегі құрамға жасалған талдау рұқсат етілген нормадан аспағанын айтып, бізді «тыныштандыруға» тырысты.


«Тыныштандыратын» тағы бір дозаны Н.Жүнісов ұсынды. Оның айтуынша, жиналған өлі балықтардың салмағы 8 тонна болған, ал облыстағы балық аулау кооперативтерінің жалпы аулаған балықтарымен - жылына 21 мың тоннамен салыстырсақ, жүзден бір үлес шығады. Мұндай көлем оңай қалпына келтіріледі дейді ...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суреттерді түсірген автор

13 наурыз 2019, 19:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.