Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бөтелкелесін пышақпен жарақаттаған жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды. 21 маусымда үш жігіт ішімдік ішіп отырған кезде Р.А. бөтелкелесі Т.М.-ны жұдырықпен ұрып жібереді. Ол үйінен асүй пышағын алып келіп, әлгі жігіттің мойнына пышақ салады. Ызаланған Т.М. тағы да пышақ жарақатын салуды жалғастырмақ болғанда, үшінші жігіт араша түседі. Сот Т.М.-ға жоғары қауіпсіздік (қатаң режим) мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді.
***
№2 Атырау қалалық соты бір кәсіпкерге ҚР Қылмыстық кодексінің 245-бабының 2-тармағы бойынша (Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура пайдаланыла отырып, салық төлеуден жалтару) үкім шығарды. Атырау қаласының тұрғыны С.-ның құм-қиыршық тас қоспасын жеткізуге басқа компаниямен жалған келісімшарт жасап, нәтижесінде 140 миллион теңге көлемінде мемлекетке зиян келтіргені анықталды. Сот С.-ны кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырып, шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
***
Исатай аудандық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша (Ұсақ бұзақылық) екі жергілікті тұрғынға қатысты әкімшілік істерді қарады. Іс материалдарына сәйкес, әйелдер мас күйде кафеде әкімшіге тіл тигізіп, даяшылардың басқа клиенттерге қызмет көрсетуіне кедергі келтірген. Екеуі де кінәлі деп танылып, әрқайсысына 12 625 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ