Ұлыбритания парламентінің Қауымдар палатасы Еуроодақтан шығу туралы келісімнің жобасын тағы қайтарды. Құжатты премьер-министр Тереза Мэй Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкермен келіскен болатын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның ЕО елдеріндегі меншікті тілшісі.
Келісімнің жаңа жобасын қолдап 242 депутат дауыс берді, 391-і қарсы болды. Дүйсенбі күні Страсбургте Ж.К. Юнкер мен Т. Мэй кездесіп, Британияның Еуроодақтан шығуы туралы қорытынды құжатқа маңызды толықтыру болуы тиіс ирландиялық шекара жөніндегі келісімдерге қол жеткізген болатын. Парламент бұған дейін екі рет - қаңтар және ақпан айларында үкімет ұсынған құжатты қайтарған болатын. Құжатқа қарсы болып отырғандардың көңілі толмай отырған басты мәселе - Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара.
Атап айтқанда, ЕО Солтүстік Ирландияны 2020 жылдан кейін белгісіз мерзімге Кеден одағында қалдыруды ұсынып отыр. Мәселенің бұлдыр болуы елдің суверенитетін айтарлықтай шектейді әрі Ұлыбританияның өзге елдермен жаңа сауда келісімдерін жасау жөніндегі келіссөздер жүргізуіне кедергі жасамақ. Страсбургте қол жеткізілген келісім Солтүстік Ирландия белгісіз мерзім аралығында ЕО Кеден одағының бөлігі болмайтынын, ал Ұлыбритания егер процесс ұзаққа созылса, бұл жағдайды реттеу құқығына ие болатынын қарастырады.
Сондай-ақ Лондон мен Брюссель Ирландия шекарасына қатысты шарттарды басқа жолдар арқылы алмасу бойынша жұмысты бастау міндетін алды.
Дегенмен, британиялық депутаттар премьер-министрдің Еуропа одағынан Ирландия шекарасы бойынша алған кепілдіктер жеткіліксіз, сондықтан Ұлыбританияның ұзақ уақыт бойы ЕО юрисдикциясында қалып қоюы қаупі басым деп санайды. Енді сәрсенбіде парламент Еуропа одағынан келісімсіз шығу үшін дауыс беруі тиіс. Ал бейсенбі күні Британияның Еуропа одағынан шығуын 29 наурыздан маусымның аяғына ауыстыру туралы ЕО-ға өтініш беру мәселесі дауысқа салынады.
Дереккөз: inform.kz