Бүгін, 12 наурызда «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында Атырауға үкіметтік делегация: ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ, Білім министрі Күләш ШӘМШИДЕНОВА, Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ келді. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының лық толы залында олар шағын баяндамалар жасап, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.
Вице-премьер Г. Әбдіқалықова осы жылдың мамыр айынан бастап аз қамтылған отбасыларға арналған арендалық тұрғын үй беріле бастайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық көмек сапасын жақсарту үшін 577 медициналық нысан, соның ішінде 10 аурухана салынбақ. Бұдан басқа, «Ауыл - ел бесігі» атты жаңа бағдарлама бойынша еліміздегі ауыл жолдарын салу мен жөндеуге 30 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Б.Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмектің қалай есептелетінін айтты.
- АӘК есептеу кезінде ескерілетін отбасылық табыстан біз 3 түрлі жәрдемақыны алып тастадық. Жаңа әдіс бойынша атаулы әлеуметтік көмек 1 сәуірден бастап беріледі және бұрынғыдай қағазбастылық болмайды.
К.Шәмшиденова балабақша тәрбиешілерінің, әдіскерлердің, әлеуметтік педагогтардың және техникалық қызметкерлердің жалақысы 30%-ға көтерілетінін хабарлады.
- Білім беру саласында ең маңызды нәрсе – оқыту сапасы мен мұғалімнің біліктілік сапасы. Жақын арада 144 мың мұғалім, 82 мың психолог, 15 мың колледж және 2,4 мың жоғары оқу орындарының оқытушылары біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Үш тілде білім беру кезеңімен, тиісті кадрлардың даярлығына қарай енгізіледі, - деп атап өтті білім беру министрі.
Медициналық қызметкерлердің де жалақысы өседі. Е. Біртанов хабарлағандай, медбикелер, фельдшерлер мен санитарлардың ғана емес, «жоғары» буын мамандарының: емхана дәрігерлері, акушер-гинекологтар, педиатрлар және жедел жәрдем дәрігерлерінің де жалақысы көбейеді.
- Егер бұрын дәрігерлер орта есеппен 108 мың теңге алатын болса, енді олар 140 мың теңге алады, ал медбикелердің жалақысы 70 мыңнан 99 мың теңгеге дейін өседі, - дейді Біртанов. Оның айтуынша, алдағы 3 жылда Атырау облысында 18 жаңа медицина мекемелері, оның 90%-ы - ауылдық жерлерде ашылады.
- Әр әкімдік мамыр айында 150-200 пәтер беруі тиіс, - деді Жайымбетов.
Содан кейін қатысушылар министрлерге және облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Сұрақтардың көпшілігі баспана, көмек алуға қатысты болды. Көп балалы аналар да сұрақтар қойды. Мұның бәрін біздің Facebook парақшамызда сақталған тікелей эфирден көруге болады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген Анастасия АЛЮШИНА