Әлеуметтік желілерде Жылыой ауданы Теңіз полиция бөлімінің ЖПҚ қызметкерлері жүргізуші мен жолаушылардан көлік жүксалғышында не бар екенін көрсетуді талап еткен бейнежазба таралуда. Кадр сыртындағы дауыс полицейдің өзін таныстырмағанын және қызметтік куәлігін көрсетпегенін айтады. «АЖ» комментарий алу үшін Атырау облыстық Полиция департаментіне жүгінді.
- Қазір облыс бойынша «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы жүріп жатыр, осыған байланысты жеке құрам күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Иә, бізге бейнежазба жолданды, біз қазір оны тексеріп жатырмыз. Сондай-ақ осы полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жұмыстарының басталғанын хабарлаймыз, - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқықтық актілерге көз жүгіртейік. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы» ҚР Жоғарғы сотының 2012 жылғы 9 сәуірдегі №1 Нормативтік қаулысының 6-тармағына сәйкес, жеке адамды тексеріп қарау, жеке адамның заттарын тексеріп қарау әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жағдайда ғана жүргiзiледi... Жеке басын тексерудi тексерiлушiмен бiр жыныстағы адам және осы жыныстас екi куәгердiң қатысуымен жүргiзе алады. Бұл әрекеттерге куәгерлер қатысып, хаттама толтырылады. Егер тұлға әкімшілік құқық бұзушылық жасамаса, оның жеке басы және жеке заттары тексерілмейді».
Фархат ӘБІЛОВ
Әлеуметтік желілерден алынған бейнежазба