Полиция спортшыны қабақтыға қамады.
Екі салмақта UFC ұйымының чемпионы болған ирландиялық файтер Конор МакГрегор АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында тұтқындалды, - деп хабарлайды MMA Fighting.
Полицейлердің айтуынша, МакГрегор Майами-Бич ауданындағы Fountainebleu қонақүйі маңында жанкүйердің смартфонын тартып алып, жерге ұрып, таптап сындырған. Ал сынықтарын өзімен алып кеткен. МакГрегорге бұзақылық және ұрлық бабы бойынша айыппұл тағылды.
МакГрегор 11 наурызда таңғы бесте түнгі клубтан шыққан. Осы кезде есімі жарияланбаған жанкүйер онымен бірге суретке түспекші болған. Оқиға осы сәтте болса керек. Полиция мәліметінше, зардап шегуші гаджетін мың доллларға бағалаған. МакГрегор қылмыс орнында тұтқындалмады. Тергеушілер оны үйінен тапқан. Қазіргі таңда спортшы Майами-Дейд аймақтық түрмесінде қамауда отыр. Иралндиялықтың адвокаты болған оқиғаны кішкентай ғана ұрыс-керіс деп атады.
Дереккөз: vesti.kz