Құлсары қаласында апаттық деп танылған ескі балабақша мен әскери комиссариат ғимараттары қаңғыбастар мен маскүнемдердің жиналатын орнына айналған. Бұған тұрғындары қатты алаңдап отыр, өйткені иесіз қалған балабақшаның жанында мектеп орналасқан.
- Бос тұрған ғимарат маскүнемдердің ішімдік ішетін орнына айналған. Мұнда небір күдікті адамдар жиналады, сондықтан балаларымыз үшін қатты қорқамыз. Неге мұны бұзып, болмаса басқа мақсатқа пайдаланбайды,- дейді тұрғындар.
Құлсары қаласының әкімі Қаржау ШАРҒАБАЕВ:
- «Салтанат» балабақшасы, әскери комиссариат ғимараттарының иесіз тұрғанына біраз болды. Балабақша ғимараты ескі болғанымен, жанында жаңа жалғама құрлыстар болған. Оны толық апатты деп тану үшін құжаттары жасалып, сараптамадан өткізу керек. Ескі әскери комиссариат ғимараты да апатты күйде. Қажетті құжаттар дайын болған соң, толығымен бұзылады. Жерін басқа мақсатқа пайдаланамыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор