Атырау, 22 желтоқсан 12:21
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атыраудағы көңілсіз «сенбілік»

Сурет
2 625 просмотра

10 наурызда Атырау тұрғындары Жайық жағалауындағы өлі балықтарды жинауға шықты. 4 орын белгіленген еді. Еріктілер таңертеңнен бастап өзенімізді тазартуға кірісті.

Алдымен Баймұханов-Мечников көпіріне бардым. Бұл жерде балықты «Арнаулы автобаза» қызметкерлері мен қала тұрғындары жинап жүр екен. Біреулері сапты сүзгімен өлі балықтарды жағаға тартып шығарса, енді бірі оларды қапшыққа салып жатыр. Жағалаудағы қоқыстар да тазартылды.

Содан кейін біздің үйлестірушімізге басқа жерден қоңырау шалып, сол жақта өлі балықтар көп екенін айтты. Біз сол жаққа аттандық.

Шынымен де «Ақ шағала», «Ривьера» мен Жеңіс бағы маңында өлі балықтар өте көп екен.

- Бұл жағалауға жақын мұз астында қалған өлі балықтың бір бөлігі ғана. Ал өзеннің өзінде қанша екенін елестетіп көріңіз. Біздің жинап жүргеніміз теңіздің тамшысындай. Қолмен жинау мүмкін емес, техника қажет, - дейді еріктілердің бірі.

Күн жылынып барады, жағалаудан жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Егер тез арада бәрін жинамаса, не болатынын білмеймін.

Жинап болғаннан кейін балық салынған қапшықтардың бәрін «Арнайы автобазаға» апарып, өлшейді. Сәл кейінірек жалпы салмағы қанша екенін білеміз.

Қайтар жолда балықшыларды кездестіріп, "балық аулауға қорықпайсыздар ма, түскен балық бар ма?" деп сұрадым.

- Теңізден келетін қаракөз бен табан балықты ғана қыс бойына жеп шықтық. Қалғандарын жемедік, - деді балықшы.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

11 наурыз 2019, 10:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.