АҚШ билігі Өзбекстан «экс-ханшайымы» Гүлнара Каримова мен Uzdunrobita компаниясының бұрынғы директоры Бекзод Ахмедовке қарсы ресми айып тақты.
АҚШ әділет министрлігі таратқан мәлімдемеде Гүлнара Каримова аса ірі көлемде пара алған күдікті екендігі жөнінде айтылды. Ал Ресейдің МТС телекоммуникациялық компаниясына қарасты "Уздунробита" ұялы операторының бұрынғы директоры, Бекзод Ахмедовқа МТС, VimpelCom ("Билайн" сауда маркасының қожайыны) және Telia (бұрынғы TeliaSonera) компаниясынан Өзбекстан нарығына кіру үшін пара алуға Гүлнара Кәрімоваға көмектескен деген айып тағылған.
АҚШ әділет министрлігінің мәліметі бойынша, 2005-2012 жылдар аралығында «VimpelCom» Гүлнара Каримоваға 114 миллион доллар, 2007-2010 жылдары «Telia» компаниясы 331 миллион доллар, «МТС» компаниясы 420 миллион доллар пара берген. Каримова аталған үш компаниядан барлығы 865 миллион доллар пара алған. Каримова мен Ахметовқа қарсы іс Нью-Йорктің Оңтүстік округтік сотында қаралады деп күтілуде.
Еске салайық, жақында МТС компаниясының АҚШ әділет министрлігімен бейбіт келісімге келген. Келісімге сәйкес, комания 850 миллион доллар айыппұл төлейді. Гүлнара Каримоваға қарсы іс АҚШ-та 2014 жылы қозғалған. Өзбекстан билігі де Каримоваға 53 млн доллар иемденді деген айыппен іс қозғаған. 2017 жылы елдің Бас прокуратурасы Каримова 10 жылға сотталғанын хабарлады. Бірақ бір жылдан соң Ташкент облыстық соты оның жазасын бес жылға еркіндігін шектеуге (үйқамаққа) ауыстырды. 2019 жылы наурызда оны қайтадан колонияға жіберді. Бекзод Ахмедов Өзбекстаннан 2012 жылы көшіп кеткен, қазір ол Ресейде тұрады.
Дереккөз: qazaqtimes.com