АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы адвокаты Майкл Коэн Трамптың The Trump Organization құрылыс компаниясының үстінен сотқа талап арыз түсірді деп хабарлайды Reuters.
Коэн заңгер ретінде қызмет көрсеткені үшін компаниядан 2 миллион долларға жуық ақша төлеуін талап еткен.
Адвокат талап арызында АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллердің тобымен келісім жасағаннан кейін The Trump Organization құрылыс компаниясы оған төлем жасауын доғарғанын айтқан. Мюллер жетекшілігіндегі топ 2016 жылы өткен АҚШ президенті сайлауына Ресей киліккен болуы ықтимал деген күдікпен қозғалған іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
27 ақпанда АҚШ конгресінде өткен тыңдауда Коэн Трампты "алаяқ", "нәсілшіл" деп атап, ол 2016 жылы АҚШ-та президент сайлауы кампаниясы басталғаннан кейін Мәскеумен көп қабатты ғимарат құрылысы туралы келіссөз өткізді деп мәлімдеген.
Дональд Трамп Коэнның сөзін жоққа шығарып, оны "өтірікші" деп айыптаған.
2018 жылы желтоқсанда АҚШ соты Майкл Коэнді конгреске жалған ақпарат берді, сайлау кампаниясын қаржыландыру жөніндегі заңды бұзды және салықтан жалтарды деп айыптап, үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Коэн мамыр айынан бастап жазасын өтейді.
Роберт Мюллердің тергеу тобы 2016 жылғы сайлау кезінде Республикалық партия кандидаты Дональд Трамптың сайлау штабы Демократиялық партиядан сайлауға түскен Хиллари Клинтонның позициясын әлсірету мақсатымен Кремльмен жасырын мәміле жасағаны я ондай іс-әрекетке бармағанын анықтап жатыр. Мәскеу шет мемлекеттердегі сайлауға араласқаны туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Дереккөз: Азаттық радиосы