Атырау, 25 қараша 04:31
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда «Харе Кришнаға» полицейлер кедергі келтірді

3 070 просмотра

Көрнекі сурет
3 ақпанда Атырауда Сәтпаев даңғылындағы пәтерлердің бірінде «Атырау Кришна санасы қоғамы» жергілікті діни бірлестігінің алты мүшесі дәстүрлі «Харе Кришна» мантрасын шырқау үшін жиналған-ды. Бірақ олар құлшылықтарын айтып бітірместен, пәтерге полиция қызметкерлері баса көктеп кіреді.


- Біз Элеонораның үйіне келгеннен кейін шамамен жарты сағат өткен соң пәтерге он шақты ер адам рұқсатсыз кіріп келді, біреулері форма киген, көпшілігі азаматтық киіммен жүр. Олар бөлмелерді қарап шықты, оларды тоқтатуға тырыстық, бірақ олар бізді елемеді. «Азаматтық» киім кигендердің бірі бейнекамераға түсірді. Біз өздерін таныстыруды сұраған кезде, тек учаскелік инспекторлар ғана куәліктерін көрсетті, -
дейді атыраулық кришнаиттардың бірі Әлия ҚАЗИЕВА. - Алдымен көршілердің шағымданғанын айтты, содан кейін пәтерде күмәнді адамдар бар деген құпия қоңырау түскендігіне сілтеді. Келесі күні біз мазалаған болсақ кешірім сұрайық деп, Элеонораның көршілеріне  бардық. Ал олардың ешқайсысының полиция шақыртпағандығын білдік.

Ал Полиция департаментінің экстремизммен күрес жөніндегі басқарма қызметкерлері сол пәтерге барған кезде жиналғандардан жауап алып, түсініктеме жаздырып алған. Кейіннен материалдар Атырау облыстық дін істері басқармасына жолданып, «Атырау Кришна санасы қоғамына» қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы 1-тармағының 1-тармақшасы ("Діни салт, жоралғыларды немесе жиналыстарды өткізу жөніндегі заңмен белгіленген талаптарды бұзу") бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

25 ақпанда пәтердегі алты қатысушының кейбіреуін Атырау облыстық дін істері басқармасына шақыртып, әңгіме жүргізеді. Атап айтқанда, оларға діндарлардың басқармамен өздерінің жиналатын орындарын келісуі тиіс екендігін айтқан. Тіпті, діни жоралғы элементтері бар жеке кездесу болса да рұқсат алу керек.

- Біз тек жақында ғана - өткен жылдың қазан айында тіркелдік. Бәрін заң бойынша жасағымыз келеді. Құдайдың атын жай әуендетіп айтатын бірнеше адам қандай зиян келтіруі мүмкін екенін түсінбейміз. Біз бомба әзірледік пе? – деп қатты таңғалады Қазиева.

- Біз қайырымдылық, тақуалық және ақиқат қағидаларын ұстанамыз, - деп сендіреді жергілікті кришнаиттар. - Жұртшылық үшін ашық болғымыз келеді, сол үшін тіркелгеннен кейін полиция басқармасына, облыстық және қалалық әкімдіктерге, қайырымдылық ұйымдарына біздің бірлестігіміз туралы материалдарды жолдап, қоғамның игілігі үшін ынтымақтасуға дайын екендігімізді білдірдік.

Енді, заңға жүгінейік. 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 7-бабында былай делінген: «1. Дiни бiрлестiктер құлшылық ету орындарын ұстауға құқылы. 2. Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және жиналыстар ғибадат үйлерінде және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі».

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
«Харе Кришна» - санскрит тіліндегі индуист мантрасы, ол сондай-ақ, «махамантра» ( «ұлы Мантра») деп аталады. Санскрит тіліндегі Харе Кришна және Рама деген Құдайдың атаулары айтылатын 16 сөзден тұрады. XVI ғасырдың басында «Харе Кришна» мантрасын Үндістанда индуист әулиесі және реформаторы Чайтанья (1486-1534) танытты, ал 1960 жылдан бастап, кришнаит гуруы Бхактиведанта Свами Прабхупада (1896-1977) уағызының және ол негізін салған «Кришна санасы Халықаралық қоғамы» діни ұйымының ізбасарларының арқасында Үндістаннан тысқары кең танымал болды.
Кришнаиттар мантра тыңдау және ән айту ұстанушының санасын көтереді, ақыл-ойды материалистік тұрғыдан трансценденттік тұрғыға аударады, карма әсерінен босатады деп есептейді.

Кейін кришнаиттар «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» ҚБ Атырау филиалына жүгінген.

- Бұл жағдайда дін істері жөніндегі басқарма ресми тіркелген заңды тұлға «Атырау Кришна санасы қоғамының» құқығын бұзып отыр, - деп есептейді филиал қызметкері Әсел НҰРҒАЗИЕВА. – Менің пікірімше, полиция қызметкерлері жеке тұрғын жайға қожайынның рұқсатынсыз кіріп және құжаттарын көрсетпестен заңсыз әрекет еткен.

Ал әзірге жергілікті кришнаиттарды сот күтіп тұр. Ірі айыппұлдан (200 АЕК-ке дейін) бөлек Атырауда осы діни бірлестіктің қызметі тоқтатылуы да мүмкін.

Полиция департаменті әдеттегіше сайтқа жарияланым шыққаннан кейін комментарий берді: «Биылғы 3 ақпанда сағат 16.00-де 102 пультіне Сәтпаев даңғылы, 48 «б» үйіндегі пәтерлердің біріне күдікті тұлғалардың жиналғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Бұл хабарламаны тексеруге келген полиция қызметкерлері қызметтік куәліктерін көрсетіп, қожайын әйелдің рұқсатымен пәтерге кірген. Тексеру кезінде пәтер ішінде 6 адам болған, олар «Атырау Кришна қоғамының» мүшелері екенін және бұл жерде діни жоралғылар өткізіп жатқанын түсіндірген. Бұл факт Атырау облыстық ПД Ақпаратты тіркеу кітабына тіркеліп, жинақталған материал шешім қабылдау үшін Атырау облыстық дін істері басқармасына жолданды».

Кейінірек Әсел Нұрғазиева хабарлағандай, Атырау облыстық дін істері басқармасы өз кезегінде ҚР-дағы діни қызметке жетекшілік ететін қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетіне сауал жолдап, комитет төрағасының орынбасары Бауыржан БАКИРОВТЫҢ қолы қойылған жауап алған: «Атырау қаласы, Авангард-2 ықшамауданы заңды мекенжайы бойынша тіркелген «Атырау Кришна санасы қоғамы» өңіраралық бірлестігі өз жиналысын бірлестік тіркелген мекенжайда ғана өткізуі тиіс.  Олай болмаған жағдайда, олар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 5-бабы 7-тармағының талаптарын бұзады. Бұл жағдайда ӨАБ әрекеттерінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы 1-тармағының 1-тармақшасы ("ҚР заңнамасында белгіленген дiни жораларды, рәсімдерді және жиналыстарды өткізу талаптарын бұзу") бойынша әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған.

Фархат ӘБІЛОВ


7 наурыз 2019, 13:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.