ҚР заңнамасымен жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен алименттер аударылатын шоттардан ақша өндіріп алуға тыйым салынады, деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің Атырау филиалы. Бұдан бұрын Ұлттық банкке қаржы қызметтерін тұтынушылардан өздерінің жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен алименттер алатын шоттарынан ақша өндіріліп алынғаны туралы шағымдар түскен. Өтініштерді қараған кезде, қарыз алушылардың аталмыш төлемдер аударылатын банк шоттарын өндіріп алуға тыйым салынған «арнайы» шоттар режимінде ашпағандығы анықталды.
- Егер банк клиенті кәмелетке толмағандар мен еңбекке қабілетті емес кәмелетке толған балаларды бағу үшін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, алимент алушы болса, онда бұл жағдайда ол өндіріп алу мүмкін болмайтын «арнайы» шот ашуы керек, - деп хабарлады Ұлттық банк филиалының экономикалық талдау бөлімінің бас маманы Айнұр БАҚЫТХАНҚЫЗЫ.
Сондай-ақ 2019 жылғы 24 қыркүйектен бастап «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Төлемдер мен төлемдер жүйесі туралы» ҚР заңдарының жаңа нормалары енгізіледі, соған сәйкес, мерзімі кешіктірілген қарыздарды өндіру кезінде банк шотында ең төменгі күнкөріс минимумынан кем болмайтын сома қалуы тиіс.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА