Атырау, 25 қараша 08:48
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ескі заттарға қарасаң - сағыныш кернейді

6 156 просмотра

Polaroid фотоаппараты


Жақында, анам келекелеп айтатындай, жасауым салынған қораптарды жинап шықтым. Ішінде крафт қағазға оралған КСРО кезінде шыққан хрусталь вазалар, жылтыраған күміс қасықтар мен түрлі дастархандар жатыр. Қораптың ең түбінен өткен күнге деген сағынышымды туғызған затты тауып алдым...

Шағын көк қорапта полароид-фотоаппарат пен бала кезімдегі бірер сурет жатты. Айтпақшы, одан комбинезон киген томпақ бетті баланың ұл не қыз екенін ажырата алмайсың. Суретті балалар фотоальбомына салып, Гуглдан полароидқа арналған картридждерді іздедім. Оларға, айтпақшы, хикаямның соңында ораламыз. Ал әзірге, жиырма шақты жыл бұрын белсенді қолданылған бірнеше заттарды назарларыңызға ұсынамын. Кейбірі әлі де пайдаланылады екен.

ҚОРҚЫНЫШТЫ ЗАТ

Жемістердің дәндерін алып тастайтын құралдан бала күнімде қатты қорқатын едім. Шынымен де, зәрем кететін стоматологтың аспабына ұқсайды. Оны әлеуметтік желілердің көмегімен Атырау тұрғыны Иринадан таптым.

- Бала кезімде біздің бақшамыз болды. Отбасының басқа мүшелеріне қарағанда оған үлесімді көп қостым. Әкем екеуміз саяжайға баратынбыз, мен оның оң қолы болдым. Бақшамызда өнім берген алғашқы ағаш «расплетка» шиесі еді. Енді «бұл шиені мүшелеу керек» деп айтатын анама көмектескен қызық болатын. Анам перфекционист еді, құлпынай мен қарақатты сабағынан айырса, ал шиені дәнсіз қайнататын. Қанмен сіңген бе, әлде әдет боп кеткен бе, өз асүйім пайда болған кезде дән ажыратқыш сатып алдым. Біраз іздеуге тура келді. Құралым сынып қалғанда, шаш түйрейтін шпилька сатып алып, сонымен алып жүрдім. Бірақ ол ыңғайлы емес еді. Бес жыл бұрын әлдебір шаруашылық дүкенінен кеңес дәуіріндегі дән ажыратқышқа тап болдым. Әрине, өзіме, анама, апам мен қызыма сатып алдым. Алған затыма қатты қуандым. Өте ыңғайлы дүние, білмейтіндерге кеңес беремін, шие тоспасын қайнататындар мені жақсы түсінеді, - деп әңгімелейді Ирина.

Дән ажыратқыш құрал

ҮЛКЕН ТЕСІКТЕРІ БАР ЕЛЕУІШ

Біраз уақытқа дейін анам тұшпара дайындауды үйретіп, қалай жасау керектігін көрсеткенше үлкен тесіктері бар елеуіш деп ойладым. Негізі тұшпараны қолмен жасаған қызықты еді. Қамыры ермексаз секілді, әрі дәмді шығады.

Бұл құрал зейнеткер Раиса Равильевнада бар болып шықты.

- Отбасымыз үлкен, демалыс күндері менің үйіме жиналады. Пәтерде немерелерімнің күлкісі мен туыстарымның дауысы естілгенін жақсы көремін. Әсіресе, тұшпараны үнсіз ішіп отырғандары қатты ұнайды, - деп күледі Раиса Равильевна. – Сәл жастау кезімде қолдан жасайтынмын, ал қазір жасым келгесін қолым талып қалады, көзім де нашар көреді. Ал мына құралмен тез жасаймын. Келіндерімді тұшпара жасауға араластырмаймын, бұл менің... қалай дейтін еді қазір жастар?

- Фишка ма?

- Дәл солай!


Раиса Равильевнада дән ажыратқыш та бар екен, сонымен қатар, мыс стақан қойғыштар, су қайнатқыш, электр щеткасы-шаңсорғыш, тіпті, ультрадыбыстық жуғыш құрал да бар.

- Раиса Равильевна, көп қолданасыз ба?

- Ол не дегенің, Настенька! – деп күлді әжей.


«ЗАЯ» МЕН «МАЛЮТКА»

Әжемнің цилиндр пішінді кір жуғыш машинасы бар болатын, сыртқы түрі ғарыштық шағын кемені немесе «Жұлдыздар соғысы» фильміндегі R2D2 роботын еске түсіретін. Айтпақшы, аты да қызық - «ЭАЯ-3» деп аталатын. Біз оны «Зая» дейтінбіз. Оның арнайы ағаш қысқаштары болатын. Онымен мысықты қорқытатын едім, өзімді шаянмын деп, мұны қысқашым деп елестететінмін. «Заяның» басты ерекшелігі – шланганы дұрыстап бекіту керек, ол арқылы су жиналады. Әйтпесе – бүкіл пәтер суға кетеді.

«Заядан» кейін әжемде «Малютка» болды, оны 20 жыл бұрын атам қосалқы бөлшек етіп бұзып тастаған еді. Раиса Равильевнада осындай машина бар екен.

- Бұрын ыстық суды ажыратып тастағанда қолданатын едік. Бірнеше үлкен кастрюльде қайнап тұрған суға суық су қос та, жуа бер. Бірақ, шынымды айтсам, шала жуатын, - деп мойындады Раиса Равильевна.


БҮКІЛ БАЛАНЫҢ АРМАНЫ

Sega Mega Drive приставкасы шыққаннан кейін балалардың оқу үлгерімдері түсіп кетті. Енді ше, үйде қара қорап пен джойстик күтіп тұрғанда, икс пен игрек кімге керек. Ең әйгілісі – «WWF»/«WWE» про-рестлинг федерациясы шоуының мотиві бойынша әзірленген мультиплатформалы Wrestlemania, SonicTheHedgehog – жер шарын Солярис зұлымнан құтқаруға тырысатын кірпілер туралы бейнеойындар болатын. Әрине, MortalCombat та бар – оны сипаттамаса да бәрі біледі. Қазір мұндай ойын приставкалары – нағыз раритет. Бірақ қайдан іздеу керектігін білсе, табуға болады.


Sega Mega Drive ойын приставкасы
- Мен бұл приставканы OLX-тан таптым, бір жігіт оны ойынымен бірге үш мың жарым теңгеге сатты. Еш ойланбастан сатып алдым, өте арзан ғой. Шынымды айтсам, сатып алғаннан кейін бір рет қана ойнадым, енді шаң басып тұр. Есесіне бала кезімді есіме түсірдім. Сатпаймын, жата берсін, - дейді ойын раритетінің иесі Алексей. – Қазір мұндай нәрселерді сататындар көп және арзан баға сұрамайды.

МАГНИТОФОН ЖӘНЕ АУДИОКАССЕТАЛАР

Қазір музыкалық плеерлер көп гаджеттерге орнатылған. Ал бұрын сүйікті әніңді тек магнитофоннан ғана тыңдауға болатын. Кейде кассетаңды «шайнап» тастап, оны кері қарындаштың көмегімен орап, әлекке түсетінбіз.



- Сол кезден менде «Гости из будущего» тобының әндері жазылған тек бір ғана аудиокассета қалды. Қалған аудиокассеталардың барлығын «Тегін беремін» деген бөлімге сайтқа шығарған едім. Бірақ ешкім алмады, сосын оларды тастауға тура келді. Ал бұл топтың кассетасын сақтап қойдым, олар жас кезімді еске түсіреді, - деп бөлісті Атырау тұрғыны Ақмарал.

САҒЫНЫШҚА ОРАЛУ

Аяқ астынан полароидті тауып алған соң, онымен тағы да сурет түсіріп көргім келді. Картриджді қайдан табуға болады? Әрине, интернеттен. Сайттардың бірінде 8 рет түсіретін картридж 1990 рубль екен, теңгемен шаққанда 11 мың жарым теңгедей. Жоқ, сағыныш болса да, смартфонымды пайдаланып, ақ жиексіз суреттерімді фотосалоннан шығарғаным дұрыс шығар. Егер фотошоп бағдарламасын меңгерген болсаң, ақ жиекті де салуыңа болады.

ТАҒЫ ДА КӨП НӘРСЕ

Бүгінде 90-жылдардың және одан да бұрынғы жылдардың еншісіндегі осы заттарды ғана жинай алдым. Ал бұлар өте көп: фишкалар, тетрис, тамагочи, түрлі-түсті серіппе, джинсы-варёнкалар… Егер жерлестерімізден  тағы да осындай заттар тауып алсам, міндетті түрде көрсетемін.

Анастасия АЛЮШИНА 

Суреттерді түсірген автор және сауалға жауап берушілер

7 наурыз 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.