Өзбекстанның бас прокуратурасының ресми сайтында президенттің тұңғыш қызы Гүлнара Каримоваға қатысты мәлімет жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, Ташкент облысының қылмыстық істер жөніндегі сотының 2017 жылдың 18 желтоқсанындағы шешімімен Каримова 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ 2018 жылдың 1 шілдесінде сот оның жазасын 5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырған. Жазасын өтейтін орынды сотталушы өзі таңдаған.
Осылайша, Гүлнара Каримова жазасын қызы Иман Каримованың үйінде өтеді. Бірақ сотталушыға бірнеше шектеу қойылды - үйден шығуға, Интернет пен байланыс құралдарын қолдануға тыйым салынды, сондай-ақ, ол келтірген шығынды өтеуге міндеттелді.
Гүлнара Каримоваға бірнеше бап бойынша айып тағылды - БАҚ "Каримоваға бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан бас тартқан жағдайда және сот белгілеген міндеттерді орындамаған жағдайда жазасы өзгертілетіні түсіндірілді. Дегенмен, Гүлнара Каримова сот белгілеген ережелерді бұзды. 2018 жылдың 22 қарашасында Каримова үйден өз еркімен кетіп қалған. Артынша оған ескерту жасалған.
Алайда, ескертулерге қарамастан, Каримова әрі қарай заң бұзушылықпен айналысты: бірнеше рет байланыс құралдарын, Интернетті қолданды", - делінген хабарламада.
"Өзбекстан Республикасының Жазаларды өтеу бас басқармасы жанындағы Пробация қызметіндегілердің мәліметі негізінде Яшнабад ауданының қылмыстық істер жөніндегі сотының 2019 жылдың 5 наурызындағы шешімімен және қылмыстық-атқару жүйесі заңнамасына сәйкес, Гүлнара Каримова жазасының қалған бөлігін жалпы режимдегі колонияда өтейді", - деп хабарлады Өзбекстанның бас прокуратурасының өкілдері.
Осыған дейін Өзбекстанның бас прокуратурасының хабарламасында Гүлнара Каримованың мемлекет пен азаматтардың мүддесіне екі қылмыстық іс бойынша келтірген шығынның сомасы - 1 триллион 270 миллиард 200 миллион сом, 1 миллиард 651,8 миллион доллар, 26,1 миллион еуро (ұлттық валютадағы жалпы сома - 3 триллион 746,8 миллион сом) делінген еді.
Дереккөз: tengrinews.kz