Жергілікті жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесуде Атырау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюросы департаментінің басшысы Нығмеджан САПАРОВ пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВ өз ведомстволарының айырмашылығын айтып, білім департаментінде және Атырау ҚІІБ-дегі пара алушылар ұсталғаны түсірілген бейнежазбаны көрсетті, сондай-ақ, олар өз қызметкерлерінің жалақысы туралы және басқа да сұрақтарға жауап берді.
Алдымен олар екі департаменттің арасындағы көпшілік байқай бермейтін айырмашылықтар туралы айтып берді.
- Біздің агенттігіміздің әр облыстағы құрылымында екі департамент бар: Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет. Адамдар мұны жиі шатастырады, - дейді Н. Сапаров. - Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылайды, ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің міндеті - жемқорлық қылмыстарын анықтау, тоқтату және тергеу.
Сапаровтың айтуынша, департамент штатында 50 шақты қызметкер бар, ал олардың жалақысы 400-500 мың теңге көлемінде. Оған қоса қылмысты ашқаны үшін де сыйақы беріледі екен.
- Міне, керемет! – деп таңғалған тыңдаушылардың бірінің дауысы шығып кетті.
- Егер бізде жұмыс істесеңіздер, сіздерде де осындай жалақы болады. Бізде лейтенанттан полковникке дейінгі мансапты мінсіз қызмет еткен 15-20 жыл ішінде жасауға болады. Сондықтан критерийлер сай келсе, құжаттарыңызды батыл тапсыруларыңызға болады, - деп шақырды Сапаров.
Оның айтуынша, өткен жылы жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің жедел қызметкерлері 50-ден астам парақорларды ұстаған. Олардың басым бөлігі – жүйелі түрде қорқытып ақша алып отырған және пара алған, ірі және аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлаған, осы сызбаға өз бағыныштыларын да тартқан мемлекеттік органдардың басшылары. Бюджетке ұрланған 3,2 млрд теңге өтелді, келтірілген залал үшін 38 млрд теңге көлеміндегі мүлік қамаққа алынды.
Парақорлар ұсталған жедел бейнежазба студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды. Алдымен ІІБ бастығының орынбасары Ж. Қайралапов пен көші-қон полициясы бөлімінің аға инспекторы А.Маукеновтің қылмыс үстінде қалай ұсталғанын көрсетті.
- Мұнда полицейлер өзбекстандықтардан «қамқорлық» жасағаны үшін үнемі пара алып отырған, - деп түсіндірді Сапаров.
Екінші бейнежазбада облыстық білім басқармасының бастығы Қайырғали КЕНЖАҒАЛИЕВ пен оның орынбасары Роза ҚАБДОЛОВАНЫ ұстау сәті бейнеленген.
- Мемлекет білімге көп қаражат бөледі, ал алақол мемлекеттік қызметкерлер оларды жымқырады, - деді Сапаров.
- Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы мәлімдеген азаматтар мемлекет қорғауында болады және қаржылық жағынан ынталандырылады. Сот шешімінен кейін 180 мың теңгеге дейін сыйақы ала алады, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюросы департаменті басшысының орынбасары Мұрат ДАНИЯРОВ.
- Менің отбасымда бұрын сотталған адам бар. Сіздерге жұмысқа орналаса аламын ба? – деп абыржи сұрады студенттердің біреуі.
- Кеңес уақытында қатал болды - туыстарының арасында сотталған адам болса, ол адамның құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге құқығы жоқ болатын. Енді мұндай нәрсе жоқ, сондықтан жұмыс істей аласыз, - деп жауап берді Сапаров. Жұмағұлов:
- Бірақ, сауалнама толтырған кезде, сізде мұндай туысыңыз бар екендігін міндетті түрде көрсетіңіз. Егер жасырсаңыз және ол арнайы тексеру кезінде шықса, бұл сіздің кандидатураңызға теріс әсер етеді, - деп толықтырды.
Кездесу соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің тергеушісі Айбар САРИН жастармен өзімсініп сөйлесті:
- Бізде жұмыс қызықты, жалақысы жақсы. Бірақ жауапкершілік үлкен, жүгі де көп.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор