Сүриядағы «Ислам мемлекеті» ұйымының ең соңғы бекіністеріне шабуыл жасап жатқан «Сүрияның Демократиялық күштері» бір аптадан кейін толықтай жеңіске жететіндерін хабарлауда.
Өздерін «Ислам мемлекеті» деп атап «халифат» жариялаған экстремистік топтың содырлары соңғы тұрақтарын қорғап қалуға бар күштерін салып жатқаны да белгілі. Қазіргі мәселе террорлық топтың бақылауындағы аймақтардан қашып шығып жатқан аш әрі аурушаң босқындар. Бұл босқындардың көбі «Ислам мемлекеті» ұйымына қатысқан содырлардың отбасы мен туыстары. Аталған террорлық ұйымның зардабы тиген және құрбаны болған адамдар миллиондап саналады.
Көбіне-көп, Ирак, Сүрия және Ливия жеріндегі жиһадшылар қолын қанға малып, ұрыс даласына кірді. Олардың отбасы мен терроршылдар бақылауына алған аймақтардың тұрғындары дерліктей «ИМ» құрбандары десе де болады. Соңғы апанына шабуыл жасаудан бұрын немесе оқ атыспау келісімі жасалған тұста бұл аймақтан 6 мыңнан астам әйелдер мен балалар шығарылған еді. Олардың көбі жаралы және ауыру, балаларды аштық меңдеткен. Осылайша «халифат құру» қиялындағы жиһадшылардың отбасы қазір Ирак пен Сүрияға шекара маңындағы шөл даладағы шатырларда өмір сүріп жатыр. Бұл Ирактағы күрд әкімшілік аймағы. Олар келген қашқындарды бірден тексеріп қабылдауда.
Әсіресе, ер адамдарды суретке түсіріп, биометрикалық мәліметтер жинақтауда. Дегенмен, күрдтердің бұл босып қашқан, панасыз топты қанша уақытқа дейін ұстап отыра алатынын белгісіз. Күрдтердің қолында қамаудағы тұтқындардың көзқарастары әртүрлі. Біреуі, бәрін тастап туыстарының жанына оралғысы келсе, кей бірі істеген істеріне өкінбейді. Тіпті, арасында шешуші соғысқа қайта барғысы келетіндері де бар.
Халықаралық коалиция күштері күрттерді «ИМ» тобының қашқындарын қамауға алып, босатпай тұруға шақырады. Террорлық топтың соңғы бекіністерінен қашқандар Ирактың эл-Хасака қаласына жақын маңдағы, әл-Хоул ауылына топтастырылған. Бірнеше аптадан бері Бағуздан келген қашқындардың аяғы үзілмеген еді, соңғы бірнеше күнде толастап қалған. Оларға медициналық жәрдем көрсетіп жатқан Free Burma Rangers қайырымдылық ұйымының мәліметіне қарағанда, алғашында оқ тиіп жараланғандар жеткізіліп тұрған, кейін тек қана зымыран және әуе шабуылдарынан зардап шеккендер жеткізілуде.
Қазір тіпті жаралылар жеткізілмей қалған. Себебі, алда бірнеше күнде шешуші соғыс басталмақ. Әл-Хоулдағы қашқындар лагеріне гуманитарлық көмектер керек. Бірақ, бұл гуманитарлық және медициналық көмектер олардың тәндік қажеті мен жарақатын жазғанымен рухани сырқатын емдей алмақ емес. Экстремистік топтың құрсауындағы тағдырлар олардан алыстаса да, тіпті санаулы күнде «ИМ» күштері толық талқандалатынын білсе де өздерінің әуелгі ойынан айнуға ниеті жоқ. Олардың арасында біздің бұрынғы отандастарымыз да, немесе олардың қолдан-қолға өткен әйелдері мен балалары да бар болуы мүмкін. Бұл дағы мемлекет пен қоғамды алдағы қатер мен борышқа қатар дайын болуға шақыратындай.
Дереккөз: qazaqtimes.com