Биліктегі жемқорлық туралы жазбаларымен танымал әзербайжандық блогер Мехман Гусейнов 2 наурызда түрмеден босап шықты. Бұған дейін блогердің қамалуын халықаралық қауымдастық айыптап, кейбір сыншылар істің саяси астары барын айтқан еді.
Гусейнов "полицияны ғайбаттады" деген айыппен 2017 жылы наурыз айында екі жылға сотталған: сол жылы қаңтар айында ол полиция қызметкерлерінің өзін ұрлап, ұрып-соққанын мәлімдеген еді.
Бостандыққа шыққаннан кейін Мехман Гусейнов Бакудегі 14 жыл бұрын қастандықпен өлтірілген әзербайжандық журналист Эльмар Гусейнов зиратына барған. "Мен бүгін Эльмар Гусейновтың қабірі басына келіп тұрмын. Оның жолын жалғастыратын журналистер болуы керек деп ойлаймын және сол жолды таңдадым. Мен журналистикадағы ең қиын сүрлеу-соқпақты таңдадым және соңына дейін барам" деді Гусейнов.
ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир Гусейновтың босатылуын қолдады.
Дереккөз: azattyq.org